Қазақстанда жұмыспен қамтылған халық саны 9,4 миллион адамды құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, елімізде еңбек қатынастарын заңдастыру және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстанда қанша адам жұмыс істейді
Ресми статистикаға сәйкес, бүгінде жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 9,4 млн адамға жеткен. Оның ішінде 7,3 млн адам жалдамалы жұмыскер ретінде еңбек етеді.
Сонымен қатар «HR Enbek» ақпараттық жүйесінде 6,7 млн еңбек шарты тіркелген. Бұл жалдамалы жұмыскерлердің шамамен 92 пайызын қамтып отыр.
Министрдің мәліметінше, азаматтық-құқықтық шарттар негізінде еңбек қызметін жүзеге асырып жүргендердің саны 575 мың адамға жуық.
Елде 174 мың белсенді кәсіпорын жұмыс істейді
Қазіргі уақытта Қазақстанда 174 мың белсенді заңды тұлға тіркелген. Оның ішінде 1 200-і ірі кәсіпорын, 2 900-і орта бизнес субъектісі және 169 мыңнан астамы шағын кәсіпорындар.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі арқылы қорғау жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінде бұл жүйемен 118 мың кәсіпорын қамтылған. Бұл жұмыс істеп тұрған заңды тұлғалардың шамамен 68 пайызына тең.
Сондай-ақ еңбек қатынастарын цифрландыру бағытында оң өзгерістер байқалады. Қазіргі таңда елімізде 19 мың ұжымдық шарт цифрландырылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, еңбек шарттарын цифрландыру мен жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру еңбек нарығының ашықтығын арттырып, азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауға мүмкіндік береді.