Роза Рымбаеваның 50 жылдық мерейтойлық концерті өтті

Автор Асан Джалилов
91 просмотры

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның шығармашылық жолының 50 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті.

Кеш барысында әншінің қазақ эстрадасының алтын қорына енген танымал әндері орындалды. Концерт Әли Оқапов арнайы осы кешке арнап жазған «Бабалар аманаты» композициясымен ашылды. Әнді Роза Рымбаева орындады.

Мерейтойлық кешке танымал өнер жұлдыздары қатысты

Шығармашылық кеш аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Роза Рымбаеваның сахнадағы жарты ғасырлық шығармашылық жолы қазақ өнеріндегі ерекше құбылыс екені атап өтілді.

Концертке қазақстандық эстраданың бірнеше буын өкілдері қатысты. Олардың қатарында ALEM, Қазыбек Құрайыш, Қайрат Баекенов, Батыржан Тазабеков, Маржан Арапбаева, Гүлсім Мырзабекова, Баян-Сұлу және Илигай өнер көрсетті.

Сонымен қатар сахнаға әншінің ұлдары Әли Оқапов пен Мәди Рымбаев немересі Зейінмен бірге шығып, «Жарасқан жанұя» әнін орындады.

Кеш барысында Илья Башкатов бастаған музыканттар, ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президент оркестрі және дирижер Дархан Рахымғалидің сүйемелдеуімен танымал композициялар шырқалды.

Мерейтойлық концерт соңында «Любовь настала», «Әлия» және «Ертеңіме сенемін» әндері орындалып, Роза Рымбаеваға «Ықылас гүлі» табысталды.