Алматы қаласындағы Достық үйінде Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам белсенділері, ата-аналар мен балалар қатысты.
Мерекелік жиын барысында қоғамдағы татулық пен бірліктің маңызы насихатталып, түрлі этнос өкілдері ортақ құндылықтар мен қоғамдық келісімнің рөлі туралы пікір алмасты.
Балаларға арналған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды
Іс-шара аясында балалар үшін арнайы ойын-сауық бағдарламалары өткізіліп, аниматорлар қызықты ойындар мен мерекелік қойылымдар ұсынды. Сонымен қатар бүлдіршіндерге ойын-сауық орталықтарына баруға арналған билеттер табысталды.
Шараға қатысушылар балалардың құқықтарын қорғау, олардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау қоғамның маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамдық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелеріне назар аударылды.

Қатысушылардың пікірінше, балалар – елдің болашағы және Қазақстанның тұрақты дамуының басты кепілі. Сондықтан әрбір баланың бақытты балалық шағы мен жарқын болашағын қамтамасыз ету қоғам мен мемлекеттің ортақ міндеті болып қала береді.
Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың мәдени және рухани дамуына ықпал етіп қана қоймай, қоғамдағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.