Қазақстан мен Оман қатынасында жаңа кезең: Астанада маңызды келісімдер жасалды

Автор Асан Джалилов
86 просмотры

Қазақстан мен Оман екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды уағдаластықтарға қол жеткізді. 5–6 қазанда Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл – Оман Сұлтанының Қазақстанға және Орталық Азияға жасаған алғашқы мемлекеттік сапары.

Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, сауда, инвестиция, энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, жасанды интеллект және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты 5 қазанда Астана әуежайында Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Мәртебелі мейман мінген борт Қазақстан шекарасынан елордаға дейін Әскери әуе күштерінің ұшақтарымен қапталдаса ұшты. Әуежайда Құрмет қарауылы ротасы мен Президент оркестрі сап түзеді.

Ал 6 қазанда Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтіп, одан кейін мемлекеттер басшылары келіссөзге кірісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Оманды Қазақстанның араб әлеміндегі уақыт сынынан өткен әрі сенімді серіктесі деп атап, бұл сапардың тарихи маңызына назар аударды. Келесі жылы Қазақстан мен Оман арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толады.

Инвестициядан әуе қатынасына дейін

Келіссөздердің негізгі бөлігі экономикалық ынтымақтастыққа арналды. Қазақстан мен Оман энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, азық-түлік қауіпсіздігі, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобаларды кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.

Қазір екі ел арасындағы ірі жобалардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясының Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы кәсіпорындары, Oman Investment Authority қатысатын инвестициялық бастамалар, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар.

Көлік пен логистикаға ерекше назар аударылды. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық сауда бағыттарында орналасса, Оман Шығанақ, Үнді мұхиты, Азия және Африка нарықтарына шығатын теңіз жолдарына ие. Тараптар осы мүмкіндіктерді ұштастырып, Оман порттары арқылы жаңа сауда бағыттарын дамытуға мүдделілік танытты.

Екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын дамыту да келіссөздердің маңызды тақырыбы болды. Бұл қадам бизнес байланыстарымен қатар туризм мен халықтар арасындағы қарым-қатынасты жандандыруға мүмкіндік береді.

Сегіз маңызды құжат рәсімделді

Келіссөздердің басты нәтижелерінің бірі – Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынастың алдағы бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы.

Құжатта сауда көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашу, энергетика, табиғи ресурстар, өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, денсаулық сақтау, логистика, туризм және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген.

Сонымен бірге цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект жаңа серіктестік бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Қазақстан мен Оман технологиялық компаниялар, инновациялық орталықтар, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер арасындағы байланысты дамытуға уағдаласты.

Мемлекеттер басшыларының қатысуымен сегіз үкіметаралық және ведомствоаралық құжат рәсімделді. Соның ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, әуе қатынасы, Қазақстан–Оман бірлескен инвестициялық құрылымын құру, Blue City Rixos жобасын жүзеге асыру жөніндегі келісімдер бар.

Сондай-ақ екі елдің қаржы министрліктері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Атамекен» ҰКП мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстан–Оман іскерлік кеңесін құруға келісті. «ҚазМұнайГаз» бен OQ Exploration & Production геологиялық барлау саласында стратегиялық ынтымақтастық орнатпақ. Еуразиялық даму банкінің Оманда қызмет ету шарттары бойынша да жеке келісім жасалды.

Мемлекет басшылары жоғары наградалармен алмасты

Мемлекеттік сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидты Қазақстанның жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.

Президент бұл шешімді Оман Сұлтанының екі ел арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесімен байланыстырды. Сондай-ақ Оманның өңірлік тұрақтылықты нығайту, халықаралық диалог пен бейбіт бастамаларды ілгерілетудегі рөлі атап өтілді.

Өз кезегінде Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.

Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы саяси диалогты нақты экономикалық жобалармен толықтырды. Бірлескен инвестициялық құрылым құру, тікелей әуе қатынасын дамыту, энергетика мен геологиялық барлаудағы серіктестікті кеңейту, Оман порттарының мүмкіндіктерін пайдалану және Қазақстан–Оман іскерлік кеңесін құру жөніндегі келісімдер алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады. Сапар соңында Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оманға сапармен келуге шақырды.