Алматы. 2 қазан 2025 жыл. Barbang Info. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок келіссөздерден кейін бірлескен баспасөз брифингін өткізді.
Мемлекет басшысы бұл сапарды екіжақты қарым-қатынастардың жаңа кезеңі деп бағалап, тараптар сауда-экономика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Әсіресе энергетика, атом өнеркәсібі, қаржы және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы ықпалдастықты арттыруға басымдық берілмек.
2023 жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы шамамен 200 миллион долларды құрады. Ендігі мақсат — бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін ұлғайту.
Президент Тоқаев Шымкент пен Будапешт арасында тікелей әуе қатынасы ашылғанын атап өтті. Екі ел астаналары арасындағы рейсті қайта жандандыру туралы да келісім жасалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компанияларына барынша қолайлы жағдай жасалатынын жеткізді.