Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев жақын арада мемлекеттік наградалар жүйесіне Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент өз сөзінде Конституцияда азаматтардың тарихи-мәдени мұраны сақтау және ескерткіштерге ұқыпты қарау міндеті нақты айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл талап Түркістан өңірі үшін ерекше мәнге ие, себебі бұл аймақ бай тарихи және рухани мұрасымен ерекшеленеді.
Мемлекет басшысы ұлттық болмыс пен мәдени құндылықтарға сүйенбей тұрақты даму мүмкін еместігін атап өтті. Осы тұрғыда қоғамның бірлігі мен ортақ құндылықтарды сақтау маңызды екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауидің тұлғасы жаһандық деңгейде мойындалуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл ұлы ойшылды тек халықаралық деңгейде ғана емес, ең алдымен Қазақстан қоғамына кеңінен таныту қажет.
Осыған байланысты елімізде Ясауи мұрасына арналған ғылыми зерттеулерді күшейту, көркем және деректі фильмдер түсіру, сондай-ақ барлық өңірлерде оның еңбектерін насихаттайтын арнайы оқулар мен іс-шаралар ұйымдастыру ұсынылды.
Президенттің айтуынша, енгізілетін жаңа орден жоғары мәртебеге ие болады. Ол Қазақстандық және шетелдік ғалымдарға, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлеріне табысталмақ.
Бұл бастама ұлттық рухани мұраны дәріптеумен қатар, тарихи тұлғалардың мұрасын халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.