Алматы облысында онкологияға арналған дәрі шығаратын зауыт салынады. Үкімет «Алатау» арнайы экономикалық аймағында толық циклді биофармацевтикалық кешен салу жобасын мақұлдады.
Жоба Денсаулық сақтау министрлігі мен «Steppe pharmaceuticals» компаниясы арасындағы инвестициялық келісім аясында жүзеге асырылады. Жалпы инвестиция көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды.
Жаңа кәсіпорында 20 түрлі дәрілік препарат өндіру жоспарланып отыр. Олардың қатарында онкологиялық және сирек кездесетін ауруларға арналған дәрілер, сондай-ақ заманауи иммунобиологиялық өнімдер бар.
Зауыт қашан іске қосылады
Кәсіпорынды іске қосу 2031 жылға жоспарланған. Ал толық өндірістік қуатқа шығару 2032 жылы жүзеге асады. Жоба толық цикл бойынша 2034 жылға қарай жұмыс істей бастайды.
Кешенде дәрі өндірумен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен бірге халықаралық GMP стандарттарын енгізу, биоэквиваленттілік зерттеулерін өткізу және тіркеу құжаттарын дайындау көзделген.
Жоба аясында қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру жүйесі де құрылады. Нәтижесінде шамамен 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Фармацевтика саласына инвестиция артып келеді
Қазіргі уақытта елде фармацевтика саласында 8 ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
Ресми мәлімет бойынша, өткен жылы отандық фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 191,1 млрд теңгеге жетіп, 8,7%-ға өскен. Ал салаға тартылған инвестиция көлемі 390 млрд теңгеден асты.
Мамандардың пікірінше, Алматы облысындағы жаңа кешен импортқа тәуелділікті азайтып, отандық дәрі өндірісін дамытуға мүмкіндік береді.