Қазақстан ЮНЕСКО аясында жаңа мұра нысандарын әлемге ұсынды

Автор Асан Джалилов
37 просмотры

Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған мәдени мұраны сақтау және халықаралық деңгейде насихаттау жоспарын бекітті. Құжат ЮНЕСКО және ИСЕСКО ұйымдарымен бірлескен жұмыстарды қамтиды.

Жоспардың маңызды бағыттарының бірі – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясындағы деректі мұраларды ілгерілету. Осы бағдарлама бойынша Қазақстан бірқатар құнды тарихи және мәдени нысандарды халықаралық тізімге ұсынды.

Ұлттық академиялық кітапхананың мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда еліміз аталған халықаралық тізілімге төрт деректі мұра енгізуді ұсынып отыр. Олардың қатарында Қожа Ахмет Ясауиге қатысты материалдар, «Невада — Семей» антиядролық қозғалысының құжаттары, Арал теңізіне байланысты деректер және бұған дейін тізімге енген «Хандар шежіресі» бар.

Сонымен қатар Қазақстан тарапынан жаңа ұсыныстар да жолданды. Атап айтқанда, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасына қатысты құжаттар мен қазақ опера өнерінің алғашқы үлгілерінің бірі — «Қыз Жібек» операсына байланысты материалдар халықаралық деңгейде қаралуға ұсынылды.

Қазақстан тек халықаралық емес, өңірлік деңгейде де белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. ЮНЕСКО-ның Орталық Азия және Азия-Тынық мұхиты өңіріне арналған тізіміне Есік қорғанынан табылған руникалық жазбалары бар тостаған және Мәшһүр Жүсіптің еңбектеріне қатысты құжаттар ұсынылды.

Сондай-ақ елде алғаш рет «Әлем жады» бағдарламасы аясында ұлттық деңгейдегі деректі мұра тізімі жасақталды. Қазіргі таңда бұл тізімге 79 нысан енгізілген. Алдағы жылдары оның көлемін 500-ге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Жалпы алғанда, Қазақстанда халықаралық тізімге ұсынуға болатын 6 мыңға жуық құнды деректі мұра бар.

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта ЮНЕСКО-ға ұсынылатын жаңа нысандар осы ұлттық тізім негізінде іріктеледі. Ұйымның талаптарына сәйкес, әр мемлекет екі жылда бір рет халықаралық немесе өңірлік тізімге тек бір нысан ұсына алады.

Өңірлік деңгейдегі өтінімдер бойынша шешімдер 2026 жылдың алғашқы жартысында белгілі болады. Ал халықаралық тізілімге ұсынылған материалдар келесі кезеңде қаралады.