Қазақстан Қытайға экспортты арттыруға ниетті

Автор Асан Джалилов
28 просмотры

Қазақстан Қытай нарығына отандық өнім жеткізуді ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мәселе Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев пен ҚХР Коммерция министрінің орынбасары Лин Цзимен кездесу барысында талқыланды.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, өзара сауданың тұрақты өсіп келе жатқанын жеткізді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы рекордтық 48,7 млрд долларды құраған.

Тараптар алдағы кезеңге жоспарланған бірлескен сауда-экономикалық іс-шараларға дайындық барысын да қарастырды. Әсіресе Қазақстан–Қытай ынтымақтастық комитеті аясындағы сауда-экономикалық кіші комитеттің 14-отырысына дайындық және «Қорғас» халықаралық орталығы шеңберіндегі жобаларға ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы сапалы отандық өнім экспортын ұлғайтуға және бірлескен жобаларды дамыту арқылы сауда көлемін арттыруға мүдделі екенін білдірді. Сондай-ақ «Қытайға экспорт» бастамасы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысуға дайын екені атап өтілді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты құжаттарға қол қою және жаңа сауда-экономикалық жобаларды іске асыру бағытындағы жұмысты жалғастыруға уағдаласты.