Қазақстанда бір жылда 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды

Автор Асан Джалилов
42 просмотры

Қазақстанда өткен жылы тұрғын үй құрылысы рекордтық деңгейге жетті. Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, өткен жылға арналған жоспар 19,2 млн шаршы метр болған. Алайда құрылыс қарқынының жоғары болуына байланысты бұл көрсеткіш асыра орындалды. Нәтижесінде барлық 18 өңірде жоспарланған көлемнен артық тұрғын үй салынған.

Министрдің сөзінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жеті жыл ішінде елде 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл жоспардың алғашқы үш жылындағы көрсеткіштер жоспардан жоғары деңгейде орындалып келеді.

Биыл ел бойынша 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Қосымша шаралар қабылданған жағдайда бұл көрсеткішті ұлғайту мүмкіндігі де қарастырылып отыр.

Жаңа тұрғын үйлердің ең көп көлемі Астана, Алматы және Шымкент қалаларында салынуы жоспарланған.