Димаштың жаңа халықаралық жобасы Қазақстанды Қытай көрерменіне таныстырады

Автор Асан Джалилов
9 просмотры

5 ақпанда Қытайда халықаралық музыкалық Voice Beyond Horizon жобасының ресми көрсетілімі басталады. Жоба Қытайдың ірі телеарналарының бірінде эфирге шығып, онлайн платформа арқылы да көрерменге ұсынылады. Ерекшелігі – түсірілім жұмыстарының барлығы Қазақстан аумағында өтіп, елдің алты өңірін толық қамтыған.

Музыкалық жоба Қазақстанда да ұлттық телеарна арқылы көрсетіледі. Бұл бастама отандық аудитория үшін де халықаралық форматтағы жаңа мазмұн ұсынуға бағытталған. Жобаның жүзеге асуына қазақстандық өнердің әлемдік деңгейде танымал өкілі Димаш Құдайберген ұйытқы болған.

Voice Beyond Horizon бірнеше елден келген орындаушыларды бір сахнада тоғыстырып қана қоймай, Қазақстанның табиғи көрікті жерлерін, тарихи аймақтарын және туристік әлеуетін кең көлемде танытуды көздейді. Осы мақсатта түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында жүргізілген.

Жобаға Қазақстанмен қатар Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің өнерпаздары қатысқан. 2025 жылдың қыркүйек айында қатысушылар Қазақстан өңірлерін аралап, жеті мың шақырымнан астам жол жүріп өткен. Бұл сапар барысында көне Түркістан қаласы, Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы, Каспий теңізінің жағалауы, Қайыңды мен Көбейтұз көлдері, Саты ауылы, Қапшағай су қоймасы және Бурабай курорттық аймағы түсірілім алаңына айналды.

Мамандардың бағалауынша, жобаның Қытайдағы әлеуетті көрермені 1,9 миллиард адамға дейін жетуі мүмкін. Мұндай ауқым Қазақстанды мәдени әрі туристік бағытта халықаралық деңгейде танытуға зор мүмкіндік береді.

Жобаны іске асыруға ұлттық туристік ұйымдар, салалық министрліктер, бірқатар өңір әкімдіктері мен ірі демеуші компаниялар қолдау көрсеткен. Бұл Voice Beyond Horizon жобасының тек музыкалық бағдарлама ғана емес, ел имиджін қалыптастыруға бағытталған ірі халықаралық мәдени жоба екенін айқындайды.