2 сәуірде әлем бойынша Халықаралық балалар кітабы күні атап өтіледі. Бұл күн жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға және олардың рухани дамуына ерекше назар аударуға бағытталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда 3889 көпшілікке қолжетімді кітапхана жұмыс істейді. Оның ішінде 272-сі балаларға арналған. Бұл кітапханалардың жалпы қоры 7 миллионнан астам дананы құрайды, ал тұрақты оқырмандар саны 1,7 миллионнан аса баланы қамтиды. Оқырмандар арасында ерекше сұранысқа ие туындылар қатарында Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» мен «Жусан иісі», сондай-ақ Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» шығармалары бар.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиеттерді жүйелі түрде шығарып, оларды елдегі кітапханаларға таратып келеді. Мәселен, 2020–2025 жылдар аралығында 132 кітап 396 мың дана таралыммен жарық көрген.
Ал 2026 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған 42 мың дана кітап басып шығару және оларды кітапханаларға жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, әдебиеттің қолжетімділігін арттыру мақсатында бұл басылымдардың электронды нұсқалары Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының порталында жарияланады.
Балалар әдебиетін дамыту ісіне түрлі әдеби байқаулар мен сыйлықтар да серпін беріп отыр. Атап айтқанда, «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы мен Президенттік әдеби сыйлық аясында балалар әдебиетіне арналған арнайы номинациялар қарастырылған.
Сондай-ақ елімізде 2025 жылдан бастап Ұлттық кітап күні ресми түрде атап өтіле бастады. Осы мереке аясында балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлінетін «Ұлттық кітап» байқауы ұйымдастырылады.