10 тамызда елімізде Абай күні атап өтіледі. Осы айтулы күнге орай Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Азиз Зияұлы Алиев барша қазақстандықтарды қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының күнімен құттықтады.
Абай Құнанбайұлы – қазақ халқының ғана емес, әлемдік руханиятта өзіндік орны бар көрнекті тұлға. Оның мол әдеби және мәдени мұрасы бүгінгі күнге дейін зерттеліп, шығармалары көптеген тілге аударылып, әлемнің түрлі елдерінде кеңінен насихатталып келеді.
«Абай Құнанбайұлы қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өшпес із қалдырған ұлы ойшыл. Ол ақын, философ, ағартушы, аудармашы және композитор ретінде ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде халқымыздың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, тілі, рухы мен адамгершілік құндылықтары терең көрініс тапқан.
Абай қалдырған әдеби, мәдени және философиялық мұра Шығыс руханиятының үлкен әрі ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен бірге оның шығармаларындағы білімге, еңбекке, әділетке, адамгершілікке үндейтін ойлар бүкіл адамзатқа ортақ құндылық болып саналады.
Абай даналығының шекарасы жоқ, оның мұрасы уақытқа бағынбайды. Ұлы ойшылдың шығармалары әлі талай ұрпаққа рухани бағдар беріп, адамды ізгілікке, білімге және парасатқа жетелей беретіні сөзсіз.
Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығы атынан барша қазақстандықтарды Абай күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Абайдың асыл мұрасы халқымыздың рухани қазынасын байытып, ел бірлігі мен мәдени сабақтастықты нығайта берсін», – деді Азиз Алиев.
Азиз Зияұлы Алиев,
Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.