Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанға ресми сапармен келді. Оны Астана әуежайында Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов қарсы алды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Пашинянның сапар бағдарламасында 21 қараша күні екіжақты ынтымақтастыққа қатысты бірқатар кездесулер өткізу жоспарланған. Тараптар экономикалық, көлік-логистикалық, гуманитарлық бағыттардағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқыламақ.
Осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Армениямен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағаны хабарланған болатын. Құжат екі ел азаматтарының визасыз режимде 90 күнге дейін еркін келуіне және болуына мүмкіндік береді.
Армения премьер-министрінің Қазақстанға сапары президент Тоқаевтың шақыртуымен жүзеге асырылып отыр. Пашинянның сапары жөнінде Ақорда 17 қарашада ресми мәлімдеме жасаған еді.
Асан ДЖАЛИЛОВ