Қазақстан – Өзбекстан: стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі басталады

Автор Асан Джалилов
5 просмотры

14–15 қараша күндері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Өзбекстанға барады. Сапар барысында Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёевпен келіссөз жүргізіп, екі елдің ұзақ мерзімді серіктестігіне жаңа серпін беретін бірқатар маңызды жобаны іске қосады.

Сапар бағдарламасына сәйкес, Ташкентте Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысы өтеді. Кездесуде сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, энергетика, су ресурстарын тиімді пайдалану сияқты өзекті бағыттар талқыланбақ. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету жөнінде ұсыныстар қаралады.

Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, екі ел көшбасшылары аймақтағы және жаһандық саясаттағы маңызды мәселелер жөнінде пікір алмасады.

Сапар аясында екі мемлекеттің президенттері Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын және бірнеше жаңа бірлескен жобаларды іске қосады. Сонымен қатар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады.

Сапардың жалғасы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қарашада өтетін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады. Жиынға өңір президенттерімен қатар, Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы бұған дейін Ресейге мемлекеттік сапар жасап, екіжақты ынтымақтастықты күшейтетін маңызды келісімдерге қол қойған болатын.

Комментарии