Бүгін елімізде өткен сайлау Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі болды. Азаматтардың өз таңдауын жасауы ел болашағына деген жауапкершіліктің және мемлекет дамуына белсенді қатысудың көрінісі.
Бүгінгі саяси үдерістердің маңызын еліміздегі конституциялық өзгерістермен және Құрылтай институтының қалыптасуымен сабақтастыра қарастырған жөн. Конституция мемлекеттің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Оның қағидаттарын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту еліміздің тұрақты дамуы үшін аса маңызды.
Құрылтайдың ел өміріндегі орны да ерекше. Ол қоғамдағы түрлі пікірлер мен ұсыныстарды ортақ арнаға тоғыстырып, мемлекет пен халық арасындағы байланысты нығайтуға қызмет етеді. Құрылтайдың тиімді жұмысы азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, маңызды қоғамдық мәселелерді ашық талқылауға жол ашады.
Бүгінгі сайлау осы саяси өзгерістердің заңды жалғасы және Қазақстанның жаңа даму кезеңіне жасаған маңызды қадамы. Ендігі міндет қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықты сақтап, Конституцияда белгіленген қағидаттарды жүзеге асыру және Құрылтайдың халық мүддесіне қызмет етуіне жағдай жасау.
Қазақстан күрдтері де еліміздің ажырамас бөлігі ретінде мемлекетіміздің тұрақтылығы мен өркендеуіне, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің нығаюына өз үлесін қоса береді.
Алиев Азиз Зияевич
Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» республикалық қауымдастығының төрағасы