«Қазақстан» газеті: 115 жылдыққа орай көрме ашылды

Автор Асан Джалилов
43 просмотры

Орал қаласында «Қазақстан» газетінің 115 жылдығына орай арнайы көрме ұйымдастырылды. Іс-шара Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтіп, ұлт руханиятына елеулі үлес қосқан Алаш қайраткері Ғұмар Қараштың мұрасын насихаттауға арналды.

Көрме «Ғұмар Қараш — ұлт руханиятының жетекшісі» тақырыбымен ұсынылып, онда ақынның шығармалары мен өміріне қатысты құнды деректер қойылды. Экспозицияда «Өрнек», «Тұрымтай» жинақтарының түпнұсқалары, тарихи құжаттар, көне фотосуреттер және зерттеу материалдары көпшілік назарына ұсынылды.

Тарихи деректерге сәйкес, «Қазақстан» газеті алғаш рет 1911 жылы Ордада жарық көріп, кейін Орал қаласында шығуын жалғастырған. Басылымды ұйымдастыруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Елеусін Бұйрин секілді ұлт зиялылары атсалысқан. Газет ағартушылық бағытты ұстанып, қазақ қоғамының оянуына ықпал етті.

Музей өкілдерінің айтуынша, көрменің басты мақсаты — ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының еңбегін насихаттап, олардың тәуелсіздік жолындағы күресін кейінгі ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар келушілерге деректі фильмдер мен архивтік материалдар ұсынылды.

Шара барысында қатысушылар Алаш қайраткерлерінің тарихи мұрасын дәріптеудің маңызын атап өтіп, көрмені ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.