Таяу Шығыстағы дағдарыс пен жаһандық тұрақсыздық Каспий өңірін Еуразияның маңызды стратегиялық торабына айналдырды. Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы саясаттанушы, PhD, халықаралық қатынастар саласының сарапшысы Мұрат Шамилов мәлімдеді.
Мұрат Шамиловтың айтуынша, Таяу Шығыстағы жалғасып жатқан тұрақсыздық пен халықаралық қауіпсіздіктің жалпы дағдарысы аясында Каспий теңізі шеткері аймақтан Еуразияның маңызды геосаяси тораптарының біріне қайта айналуда.
Шамилов: «Өңірдегі сыртқы тұрақтылыққа қарамастан, оның астарында мүдделер бәсекесі мен көлік-логистикалық бағыттарды қайта бағдарлау және Каспий маңы мемлекеттерінің геосаяси пайымдарын қайта тұжырымдау үдерісі белең алуда.
Бүгінде Каспий қауіпсіздік пен стратегиялық транзиттің маңызды торабына айналды. Сондықтан іргелес өңірлердегі әскери-саяси шиеленістер Каспийдің баламалы көлік бағыты және геосаяси қысым құралы ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Каспий маңының мемлекеттері қазіргі қақтығыстарға барынша сақ реакция танытып отыр. Өңірдегі бірде-бір ел өзгелердің текетіресіне тікелей араласуға мүдделі емес.
Ресей мұндағы әскери-саяси үстемдігін сақтап қалуға тырысуда. Сонымен бірге тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуына жол бермеуді көздейді. Батыс пен Израильдің қысымы аясында Иран үшін Каспий теңізі стратегиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды элементіне айналды.
Қарабақ қақтығысынан кейін өз позициясын нығайтқан Әзірбайжан қалыптасқан жағдайды Түркиямен және еуропалық нарықтармен байланыстағы көлік-энергетикалық рөлін кеңейту үшін пайдалануға ұмтылуда. Баку болашақтағы өзгерістердің негізгі факторына айналуы мүмкін. Әзірбайжан біртіндеп энергетикалық хабқа және Оңтүстік Кавказ, Орталық Азия мен сыртқы ойыншылар арасындағы геосаяси көпірге айналуда. Бұл жағдай Америка Құрама Штаттары мен Батыс одақтастарының Каспийге қызығушылығын нығайта түседі.
Соңғы жылдары Вашингтон Еуразияның Ресей мен Иран бағыттарына тәуелділігін азайту мақсатында Каспий, Кавказ және Түркия арқылы өтетін Транскаспий бағытын стратегиялық басымдық ретінде қарастыруда. Осы орайда, Әзірбайжан Батыс стратегиясының өңірдегі негізгі тірек нүктесіне айналып келеді.
Сонымен қатар, Бакудің Израильмен технология, қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы нығайып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл Иран үшін айқын алаңдаушылық туғызады. Өйткені Тегеран өзінің солтүстік шекараларына жақын жерде Израиль ықпалының кез келген кеңеюін ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер ретінде қабылдайды.
Болашақта Каспий өңірі шиеленістің неғұрлым күрделі нысандарына, яғни инфрақұрылымдық бәсекеге, барлау қызметтерінің жандануына, көлік дәліздері мен Орталық Азиядағы саяси ықпал үшін күреске тап болуы ықтимал. Аймақ біртіндеп «тыныш геосаясат» дәуіріне қадам басуда. Мұнда қысым тетіктері ең алдымен экономикалық құралдар — инвестициялар, порттар, құбыр желілері, цифрлық жүйелер мен қорғаныс саласындағы уағдаластықтар арқылы іске асырылады.
Бұл ретте Қазақстанның ұстанымы ерекше маңызға ие. Астана дәстүрлі түрде көпвекторлы саясат қағидатын негізге ала отырып, Каспийдің блоктік текетірес аренасына айналуына жол бермеуге ұмтылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделер тепе-теңдігін сақтау және Каспий маңы мемлекеттерінің ұжымдық жауапкершілік режимін ұстану қажеттігін жүйелі түрде айтып келеді.
Қазақстан үшін Каспий — стратегиялық қауіпсіздік пен экономикалық болашақтың маңызды кепілі. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту, сондай-ақ Әзірбайжан, Түркия және Қытаймен логистикалық байланысты кеңейту елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның құрамдас бөлігіне айналуда.
Сонымен қатар, Астана барынша ұстамды саясат жүргізуде. Қазақстан белгілі бір тарапқа басымдық беру өңірлік тепе-теңдікті бұзуы мүмкін екенін ескеріп, Иран мен Ресейге қарсы коалицияларға қатысудан аулақ болады. Дәл осы себептен Президент Тоқаевтың дипломатиясы прагматикалық егемендік идеясына, яғни өзгелердің геосаяси жобаларына араласпай, барлық тараппен тең дәрежелі ынтымақтастық орнату қағидатына негізделген.
Бұл сақтықтың себебі түсінікті. Қазақстан Каспийдегі сыртқы қатысудың күшеюі ірі державалар арасындағы бәсекелестіктің артуына әкелетінін сезеді. Егер АҚШ пен оның одақтастары Әзірбайжан мен Орталық Азия арқылы инфрақұрылымдық және әскери-технологиялық жобаларды белсендірек ілгерілететін болса, Ресей мен Иран өз ықпалы мен қысымын күшейтуге тырысады. Нәтижесінде, Каспий ынтымақтастық аймағынан стратегиялық бәсекелестік аймағына айналу қаупі бар.
Алдағы жылдардың басты түйткілі — Каспий маңы мемлекеттерінің аймақтық субъектілікті сақтап қалу қабілетіне немесе Каспийдің әлемдік күш орталықтары арасындағы жаһандық мүдделер қақтығысының ажырамас бөлігіне айналуына байланысты болмақ.
Әзірге аймақ елдері сақтық таныту стратегиясына басымдық беруде. Дегенмен, әлемдік саясаттың қазіргі қисыны бейтараптық ұстанымына арналған мүмкіндіктерді біртіндеп шектеуде.
Осылайша, Каспий заманауи тарихындағы ең маңызды кезеңіне өтуде. Бүгінде аймақтың экономикалық жобаларын қауіпсіздік мәселелерінен бөліп қарау мүмкін емес, ал географиялық фактор мемлекеттердің болашақ тағдырын қайта айқындайтын негізгі күшке айналуда»,-деді.