Қазақстанда алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдерге арналған халықаралық деңгейдегі кинофестиваль ұйымдастырылады. Astana AI Film Festival (AAIFF 2026) биыл күзде өтеді деп жоспарланып отыр.
Ауқымды шара кино индустриясы мен заманауи технологияларды тоғыстыратын бірегей алаң болмақ. Фестивальге режиссерлер, digital-креаторлар, сарапшылар, инвесторлар және технологиялық компаниялардың өкілдері қатысады деп күтілуде.
Фестивальдің басты оқиғасы — қысқаметражды фильмдер арасындағы халықаралық байқау. Оның жүлде қоры 1 миллион долларды құрайды. Байқау әлемнің түрлі елдерінен қатысушыларды тартуға бағытталған.
Іс-шара бағдарламасы аясында жасанды интеллект негізіндегі контентке арналған конференциялар, авторлар мен продюсерлерге арналған питчинг сессиялар, фильм көрсетілімдері және сарапшылардың қатысуымен пікірталастар өткізу жоспарланған.
Фестиваль тек дайын өнімдерді көрсету алаңы ғана емес, сонымен қатар контент жасаудың барлық кезеңдерін қамтитын кәсіби ортаға айналмақ. Әсіресе жаңа форматтар мен гибридті жобаларға ерекше назар аударылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль тәжірибе алмасуға, сондай-ақ контент индустриясында жаңа бағыттарды дамытуға серпін береді.
Фестивальдің толық бағдарламасы мен қатысу шарттары алдағы уақытта ресми сайтта жарияланады.