2025 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде халық үшін маңызды бірқатар өзгерістер күшіне енді. Жаңа қадамдар медициналық көмекті қолжетімді етуге, қаржыландырудың ашықтығын арттыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Ең басты жаңалықтардың бірі – Бірыңғай медициналық көмек пакетіне кезең-кезеңімен көшу. Бұл жүйе мемлекет есебінен көрсетілетін қызметтер мен сақтандыру аясындағы медициналық көмекті нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде бір қызметтің екі рет қаржыландырылуының алдын алу көзделіп отыр.
Жаңа тәртіп профилактикаға ерекше мән береді. Азаматтарға дәрігерге дер кезінде қаралу, тексеруден өту және аурудың алдын алу бұрынғыдан да жеңілдейді. Қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, артериялық гипертензия, глаукома және қант диабеті сияқты әлеуметтік маңызы жоғары дерттерді ерте анықтауға арналған тексерулер енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлық қазақстандықтар үшін тегін жүргізіледі.
2025 жылы елімізде 1,1 миллионнан астам адам онкологиялық скринингтен өтті. Оның нәтижесінде мыңдаған науқастан ауру ерте сатысында анықталып, уақтылы ем тағайындауға мүмкіндік туды. Бұл тәсіл мүгедектік деңгейін төмендетіп, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі қайта қаралды. 2026 жылдан бастап қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм және дәнекер тіндердің жүйелі зақымдануы ұдайы бақылауды қажет ететін аурулар санатына ауыстырылады. Бұл дерттер бойынша медициналық көмек толық көлемде МӘМС жүйесі арқылы көрсетіледі.
Қаржылық тұрғыдан да маңызды өзгерістер бар. Жаңа заңнамаға сәйкес, жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін МӘМС жарналары есептелетін ең жоғарғы табыс шегі өзгертілді. Бұл шешім бизнеске түсетін салмақты азайтып, жүйенің тұрақты жұмысын сақтауға бағытталған. Айта кетерлігі, бұл өзгеріс жалақысы жоғары азаматтардың аз ғана бөлігіне қатысты, ал қызметкерлердің басым көпшілігі үшін жарна мөлшері бұрынғы деңгейде қалады.
Тағы бір әлеуметтік мәні зор жаңалық – тұрмысы қиын азаматтарды МӘМС жүйесімен қамту. 2026 жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен шамамен 1 миллионға жуық азамат сақтандыру жүйесіне қосылады. Олардың жарналарын әкімдіктер төлейді. Бұл төмен табысты отбасыларға жоспарлы медициналық көмек алу мүмкіндігін береді.
Сонымен бірге жүйеге тұрақты түрде жарна төлеп жүрген азаматтар үшін сақтандыру мәртебесін сақтау мерзімі ұзарды. Енді бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген адам уақытша төлем жасай алмаған жағдайда алты ай бойы «сақтандырылған» мәртебесін жоғалтпайды. Бұрын бұл мерзім небәрі үш ай болатын.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 16,9 миллионнан астам адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Олардың жартысынан көбі – мемлекет есебінен жарнасы төленетін жеңілдігі бар санат өкілдері.
Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан өзгерістер МӘМС жүйесін шынайы сақтандыру қағидаттарына жақындатып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, ал қоғамда әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған.