Жыл сайын 4 маусымда Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын басты нышандарға құрмет көрсететін маңызды мереке. Дәл осы күні, 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы ресми түрде бекітілді.
Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің тарихын, мәдениетін, ұлттық болмысын және тәуелсіздігін бейнелейтін ерекше құндылықтар. Қазақстан үшін де Ту, Елтаңба және Әнұран мемлекеттік егемендіктің, халық бірлігі мен ұлттық рухтың символына айналды.
Қазақстанның Мемлекеттік Туы нені білдіреді?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының авторы – суретші Шәкен Ниязбеков.
Көк түсті ту бейбітшілік пен тұрақтылықты, ашық аспан мен бірлікті білдіреді. Тудың ортасында орналасқан алтын түсті күн өмірдің, молшылықтың және берекенің белгісі саналады. Ал күннің астындағы қыран құс еркіндікке, биік мақсаттарға ұмтылуды бейнелейді.
Тудың сол жағындағы ұлттық өрнек қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрін көрсетеді. Бүгінде көк Ту халықаралық ұйымдарда, шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерде және әлемдік спорт ареналарында Қазақстанның басты белгісі ретінде желбіреп келеді.
Елтаңбадағы шаңырақтың мағынасы қандай?
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Елтаңбаның дәл ортасында шаңырақ бейнеленген. Ол ортақ үйдің, бірліктің және мемлекет тұтастығының белгісі болып саналады. Шаңырақтан тараған уықтар Қазақстан халқының татулығы мен ортақ мақсатқа ұмтылысын көрсетеді.
Елтаңбадағы қанатты пырақтар еркіндік пен жасампаздықтың символы болса, жоғарғы бөліктегі жұлдыз еліміздің жарқын болашаққа деген сенімін білдіреді.
Қазақстанның екі Мемлекеттік Әнұраны болды
Тәуелсіз Қазақстан тарихында екі Мемлекеттік Әнұран қабылданған.
Алғашқы Әнұран 1992 жылғы 11 желтоқсанда бекітілді. Оның музыкасын Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди жазған. Ал мәтін авторлары – Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева.
2006 жылы Қазақстан жаңа Мемлекеттік Әнұран қабылдады. Оның негізіне халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні алынды. Музыкасының авторы – Шәмші Қалдаяқов, мәтінін жазған – Жұмекен Нәжімеденов. Кейін мәтінге белгілі бір өзгерістер енгізіліп, ол қазіргі Мемлекеттік Әнұран ретінде бекітілді.
Бүгінде бұл ән әлемдік жарыстарда, халықаралық кездесулерде және ресми іс-шараларда орындалып, қазақстандықтардың патриоттық рухын көтеріп келеді.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейліктің негізі
Мемлекеттік рәміздер күні еліміздің барлық өңірінде кең көлемде аталып өтеді. Бұл күні патриоттық акциялар, жастар форумдары, көрмелер, салтанатты жиындар және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында рәміздердің тарихы түсіндіріліп, жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру жұмыстары жүргізіледі. Өйткені Ту, Елтаңба және Әнұран – тек мемлекеттік белгілер ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағын байланыстыратын маңызды құндылықтар.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігінің, ел тарихына деген құрметінің және ұлттық жауапкершілігінің көрінісі.