Мүгедектікті анықтау процесі цифрландырылып, қызмет көрсету уақыты қысқарады

Автор Асан Джалилов
30 просмотры

Қазақстанда мүгедектікті белгілеу рәсімін жеделдету мақсатында цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда медициналық құжаттар мен деректерді талдау арқылы сарапшыларға ұсынымдар беретін жасанды интеллект негізіндегі жүйе іске қосылған. Бұл жүйе өтінімдерді өңдеуді жеделдетуге мүмкіндік береді, алайда соңғы шешім бұрынғыдай мамандардың құзырында қалады. Жүйе енгізілгеннен бері 24 мыңнан астам өтінім қаралған.

Қызмет көрсету үдерісін оңтайландыру үшін электрондық кезек жүйесі де енгізіліп жатыр. Бұл механизм азаматтардың уақытын үнемдеуге және кезек күту мерзімін қысқартуға бағытталған. Мәселен, Ақмола облысында жүргізілген пилоттық жоба аясында 1,6 мыңға жуық өтінім қабылданып, оның 1,1 мыңнан астамы куәландыру рәсіміне тіркелген.

Вице-министрдің айтуынша, алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Атап айтқанда, электрондық кезек жүйесін кеңейту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін жетілдіру және оны денсаулық сақтау жүйелерімен ықпалдастыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар әлеуметтік қызметтер порталын дамыту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Бұл платформа арқылы азаматтар оңалту құралдарына тапсырыс беріп, шипажайлық ем алу және жеке көмекші қызметтеріне қол жеткізе алады.

Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мүгедектікті рәсімдеу процесін жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.