Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің «Stranger» атты әлемдік концерттік туры үш құрлықты қамтып, 13 елде өтті. Шығармашылық сапар 2022 жылы Алматыда басталып, 2025 жылы Латвияның Рига қаласында қорытындыланды.
Тур аясында Димаш Қазақстан, Армения, Венгрия, Қытай, Малайзия, Түркия, Чехия, Германия, АҚШ, Мексика, Испания, Ұлыбритания және Латвия сахналарында өнер көрсетті. Ағылшын тіліндегі Stranger атауы «бейтаныс», «жолаушы» деген бірнеше мағына береді және бұл ұғымдар турдың идеялық мазмұнымен толық үйлеседі. Қазақша баламасы ретінде «Жаһанкез» атауы таңдалды.
Ауқымды гастрольдің негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін, отандық музыканы әлемдік аудиторияға таныту. Димаш әр концертінде музыка арқылы бейбітшілік, бірлік және рухани үндестік идеяларын жеткізуді басты ұстаным етіп келеді.
Тур бағдарламасының концепциясын әншінің өзі айқындайды. Бұл туралы оның ата-анасы Қанат пен Светлана Айтбаевтар айтып өтті. Әуелі Димаш шығармаларды іріктеп, сахналық идеяны қалыптастырады, кейін режиссерлік және техникалық топ оны толыққанды шоуға айналдырады.
Алғашқы концертті дайындауға 200-ден астам маман тартылса, ірі қалалардағы қойылымдарда техникалық және ұйымдастырушылық құрамды есептегенде 400-ге жуық адам жұмыс істеген. Ал шетелдік концерттерге дайындық жұмыстары 7–9 ай бұрын басталып, қабылдаушы елдің заңнамасы мен мәдени ерекшеліктері ескеріледі.
Үш жыл ішінде тур барысында көптеген есте қаларлық сәттер орын алды. Әр қаладағы концерт өзіндік ерекшелігімен көрермен жадында қалды. Сонымен қатар, бірқатар қойылымдарда әлемге танымал әртістер қонақ ретінде қатысты, ал кей концерттерде Димаштың жаңа авторлық әндерінің тұсауы кесілді.
Әнші кей елдерде жергілікті аудиторияға құрмет ретінде сол халықтың тіліндегі әндерді орындап, тыңдармандардың ықыласына бөленді. Бұл қадамдар турдың мәдени диалогқа негізделгенін көрсетті.
Димаштың айтуынша, көрермен – оның шығармашылығының басты тірегі. Ол музыка арқылы өзін де, тыңдарманды да жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
2025 жылы әнші Азия елдерінде және Қазақстанның бірнеше қаласында концерт беріп, сондай-ақ алғаш рет Африка құрлығына табан тіреді. Бұл «Stranger» турының аяқталуы емес, жаңа шығармашылық кезеңнің бастауы екенін аңғартады.