Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қазақ руханияты үшін айрықша құндылық саналатын жәдігер сақтаулы тұр. Бұл — Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылы Қызылордада латын қарпімен басылған өлеңдер жинағы. Араға 90 жыл салып, сирек кітап жуықта толық реставрациядан өтіп, бірнеше дана болып қайта басылды.
Ақынның «Толық шығармалар жинағы» деп аталған бұл кітабы музей қорына 2014 жылы Алматы қаласынан жеткізілген. Жинаққа Сұлтанмахмұттың өлеңдерімен қатар поэмалары, прозалық шығармалары мен очерктері енгізілген. Қысқа ғұмырында қазақ әдебиетіне мол мұра қалдырған ақынның бұл еңбегі — сол кезеңдегі әдеби ойдың биік деңгейін айғақтайтын маңызды дереккөз.
Жинақты даярлау ісімен Алаштың көрнекті қайраткері Жүсіпбек Аймауытов айналысқан. Ол ақын шығармаларын ұзақ жылдар бойы жинақтап, баспаға тапсырған. Алайда саяси қуғын-сүргін салдарынан Аймауытовтың аты аталмай, кітапқа алғысөзді кейіннен Сәбит Мұқанов жазған.
Әдебиеттанушы ғалым Қайым Мұхамеджанов Жүсіпбек Аймауытовтың бұл еңбегін жоғары бағалап, оның арқасында Торайғыров мұрасының толық сақталғанын атап өткен.
Музей директоры Ербол Қайыровтың айтуынша, бұл жинақ бір кезеңде Қазақстанның халық ақыны Дихан Әбілевтің жеке кітапханасында сақталған. Қазіргі таңда ол Павлодардағы ең құнды әдеби жәдігерлердің бірі саналады. Кітаптың елдегі өзге музейлер мен кітапханаларда сақталуы туралы нақты дерек жоқ.
Қайта жаңғыртылған бұл еңбек — Сұлтанмахмұт Торайғыровтың рухани мұрасын жаңа буынға танытатын, қазақ әдебиетінің алтын қорын толықтыратын маңызды қадам.