Алматы. 10 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Мәскеуде Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның төртінші отырысы өтті. Отырысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова бірлесіп жүргізді. Кездесу барысында тараптар мәдени серіктестікті тереңдету, жаңа жобаларды жүзеге асыру және шығармашылық алмасуды кеңейту мәселелерін талқылады. Аида Балаева Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық байланыстары соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтіп, ведомстволар арасындағы бірлескен жобалардың нәтижелі жүзеге асып жатқанын айтты. Оның айтуынша, бұл бастамалар екі елдің мәдени ынтымақтастығын нығайтып, халықтар арасындағы рухани жақындастыққа елеулі үлес қосуда. Өз кезегінде Ресейдің мәдениет министрі Ольга Любимова да мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кино, кітапхана ісі және мәдениет саласындағы білім беру бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейту екенін айтты. Министрдің пікірінше, бұл жобалар екі елдің мәдени серіктестігін жаңа деңгейге шығарып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты арттыра түседі. Жиында кинематография, кітапхана және музей ісі, сондай-ақ мәдениет саласы қызметкерлерін даярлау мәселелері қаралды. Екі елдің мәдени ұйымдарының өкілдері өзара серіктестіктің нәтижелерін ұсынып, жаңа бастамалардың бағыттарын айқындады. Кіші комиссия отырысы аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен ГИТИС – Ресейдің театр өнері институты арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография, театр менеджменті және продюсерлік бағыттар бойынша ортақ жобаларды қамтиды. Сонымен қатар Мәскеуде Қазақстанның мәдени күндері салтанатты түрде басталды. Іс-шара аясында театр қойылымдары, көрмелер және концерттік бағдарламалар өткізу жоспарланған. Кездесу соңында Аида Балаева ресейлік әріптесі Ольга Любимоваға мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени серіктестік алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Аида Балаева мен Ольга Любимова мәдени ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады
Автор
Асан Джалилов
Автор:
Асан Джалилов 20 просмотры
20