Алматы. 1 қазан 2025 жыл. Barbang Info – Ақтау қаласында тұңғыш рет «Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалі салтанатты түрде ашылды. Шара халықаралық «Түрксой» ұйымының бастамасымен ұйымдастырылып, оған Түркия, Мажарстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және Қазақстанның ұлттық кино компаниялары мен әлемге әйгілі әртістер қатысты.
Бес күнге жалғасатын фестивальдің биылғы ұраны – «Маңғыстау жүрегінен түркі әлемінің жүрегіне». Осылайша, түркі әлемінің мәдени астанасы атанған Ақтау кинематографтардың жаңа орталығына айналды.
Биылғы шараға алғаш рет Мажарстаннан кино мамандары келді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали шара аясында 50-ге жуық фильм көрсетілетінін, сонымен бірге шетелдік қонақтарға Маңғыстаудың көрікті жерлеріне саяхат ұйымдастырылатынын айтты.
Фестиваль бағдарламасына Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген туындылар енгізілген. Олардың қатарында режиссер Думан Еркімбектің толық метражды «Qaitadan» фильмі де бар.
Режиссердің айтуынша, мұндай фестивальдер кино өнерін дамытуға үлкен серпін береді әрі түркі елдерінің мәдени байланысын нығайтады.
Мәдени шараның шымылдығы «Достық» үйінде түрілді. Қызыл кілем жолымен отандық жұлдыздармен қатар шетелдік кино майталмандары да жүріп өтті.
Ертең киносаммит өтіп, кино сүйер қауым актерлер және режиссерлермен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алады. 4 қазанда фестивальдің жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар бес аталым бойынша марапатталады. Сонымен қатар, «Түрксой» ұйымының арнайы сыйлығы табысталады.