Сеулде алғашқы «Орталық Азия – Корея» саммиті өтті

Автор Асан Джалилов
35 просмотры
САММИТ

Сеулде 16 қыркүйекте мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті. Кездесуде сауда мен инвестицияны арттыру, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, сирек металдар, су қауіпсіздігі және гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит барысында өңірлік ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар бастама ұсынды.

«Орталық Азия – Корея» диалогы осыдан жиырма жыл бұрын корей тарапының бастамасымен құрылған. Енді ынтымақтастықтың мемлекет басшылары деңгейіне көтерілуі тараптардың саяси және экономикалық байланыстарды жаңа форматта дамытуға ұмтылысын көрсетіп отыр.

Саммитте Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты негізгі бағыттардың бірі ретінде атады. Былтыр Орталық Азия мен Корея арасындағы тауар айналымы алғаш рет 10 миллиард доллардан асқан. Оның жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Корея Қазақстанның он ірі сауда серіктесінің қатарына кіреді, ал осы елден тартылған инвестиция көлемі 12 миллиард доллардан асқан.

Қазақстанда корей капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte және Hanwha секілді ірі компаниялар ел нарығында жұмыс істейді. Президенттің Кореяға сапары аясында жалпы құны шамамен 19 миллиард доллар болатын 80-ге жуық коммерциялық келісімге қол қойылды.

Қазақстан мен Корея қазірдің өзінде жалпы құны 4 миллиард доллардан асатын 51 жобаны жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жүйелеу үшін 2027–2030 жылдарға арналған кешенді бағдарлама әзірленбек.

Өнеркәсіп пен көлік саласында жаңа бастамалар ұсынылды

Қазақстан өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету үшін «Орталық Азия – Корея» өнеркәсіп және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Бұл тетік өндірісті жергіліктендіруге, технология трансферіне, өңірлік кооперацияны дамытуға және бірлесіп өндірілген өнімді үшінші елдердің нарығына шығаруға бағытталмақ.

Мұндай ынтымақтастықтың мысалы ретінде Қазақстанда іске қосылған KIA Qazaqstan зауыты аталды. Кәсіпорын жылына 70 мың автомобиль шығаруға қауқарлы. Жалпы, былтыр Қазақстанда 170 мыңнан астам автокөлік өндіріліп, саладағы өндіріс көлемі шамамен 18 пайызға өскен.

Көлік-логистика саласында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылды. Соңғы алты жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе өскен. Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк көлемін ұзақмерзімді кезеңде 100 миллион тоннаға жеткізуді көздейді.

Саммитте Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын көлік-логистикалық тізбек қалыптастыру мүмкіндігі де ұсынылды. Бұл ретте Ляньюньгандағы қазақ-қытай логистикалық терминалы, Транскаспий бағыты және Қазақстанның Каспийдегі порттарының мүмкіндіктерін пайдалану көзделіп отыр. Пусан порты мен Қазақстан порттары арасындағы тәжірибе және ақпарат алмасуды күшейту де осы бағыттағы перспективалы қадамдардың бірі ретінде аталды.

Жасанды интеллект пен сирек металдарға басымдық

Саммиттің маңызды бағыттарының бірі цифрландыру және жасанды интеллект болды. Қазақстан Кореямен бірлесіп Орталық Азия елдеріне жасанды интеллект саласының мамандарын даярлайтын AI Talent өңірлік бағдарламасын іске қосуды ұсынды.

Сонымен бірге Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы негізінде «Орталық Азия – Корея» озық технологиялар орталығын құру бастамасы көтерілді. Қазақстан мен Корея арасында білім және ғылым саласында да бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Түркістанда Woosong университеті ашылды, Қызылордада SeoulTech университетімен бірлескен Жасанды интеллект институты құрылды. Ал Алатау қаласында KAIST филиалын орналастыру жоспарланған.

Аса маңызды және сирек кездесетін минералдар саласындағы ынтымақтастыққа да назар аударылды. Қазақстанда Корея стратегиялық санатқа жатқызатын 10 минералдың барлығы кездеседі. Сапар барысында Алматыда Кореяның технологиялық ықпалдастық институтының көмегімен Сирек және сирек кездесетін металдарды зерттеу орталығын құру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан шикізатты өндірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруға мүдделі. Осыған байланысты жартылай өткізгіштер, микроэлектроника, аккумуляторлар, электромобильдер және робот техникасына қажетті бөлшектер өндіруге бағытталған толық өндірістік цикл қалыптастыру, сондай-ақ бірлескен қазақ-корей компаниясын құру ұсынылды.

Энергетика, су және ауыл шаруашылығы

Энергетикалық ынтымақтастық аясында Қазақстан Кореяға энергия ресурстарын жеткізуді қайта жандандыруға дайын екенін мәлімдеді. Елде жыл сайын 100 миллион тоннаға жуық мұнай өндіріледі. Тараптар геологиялық барлау, жаңа кен орындарын игеру, газ өңдеу және мұнай-газ химиясы салаларындағы байланысты кеңейту мүмкіндігін қарастырып отыр.

Қазақстан атом энергетикасы саласында KHNP және Doosan Enerbility компанияларымен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі. Бұдан бөлек, сутегі энергетикасы бойынша пилоттық жобаларды іске асыру және көмір генерациясын заманауи технологиялар арқылы жаңғырту мәселесі көтерілді.

Су қауіпсіздігі де саммит күн тәртібіндегі маңызды тақырыптардың бірі болды. Қазақстан 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасын салуды және 14,5 мың шақырым суландыру арнасын жаңартуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты Кореяның су үнемдеу, суды цифрлық есепке алу және заманауи су инфрақұрылымын басқару технологияларын қолдануға арналған бірлескен бағдарлама әзірлеу ұсынылды.

Бизнес-саммит барысында ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастыққа да мән берілді. Қазақстан былтыр шамамен 27 миллион тонна астық жинаған, ал агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты 7 миллиард долларға жеткен. Қазақстан тарапы Кореяның агротехнологиялық тәжірибесін пайдаланып, өнім өндіру, терең өңдеу және экспортты қамтитын бірлескен тамақ өнеркәсібі кластерін құру бастамасын көтерді.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін Central Asia – Korea Future Generation бағдарламасын қабылдау ұсынылды. Бағдарлама жастар арасындағы байланысты, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталмақ. Сондай-ақ 2027 жылы корейлердің Орталық Азияға жер аударылғанына 90 жыл толуына орай тарихи датаға арналған іс-шара өткізу мәселесі көтерілді.

Алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммитіне Корея Республикасының Президенті Ли Чжэ Мёң, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.