Астана қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Журналистер клубының отырысы ұйымдастырылды. Кездесу «Жаңа Конституция – елдің стратегиялық даму бағыты» тақырыбына арналды.
Жиын барысында қатысушылар конституциялық реформаларды қоғамға түсіндіруде медиа өкілдерінің рөлі мен қоғамдық диалог мәдениетін қалыптастыру мәселелерін талқылады. Отырысқа этномәдени бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері және өңірлік ұйымдардың баспасөз қызметкерлері қатысты.
Жиынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, ҚХА Журналистер клубының төрағасы Алишер Сатвалдиев жүргізді. Ол конституциялық өзгерістер жөнінде қоғамды жан-жақты әрі объективті ақпаратпен қамтамасыз етуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін атап өтті.
Кездесуде Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Д. Ғали және Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Д. Останькович баяндама жасады. Спикерлер ашық қоғамдық диалогтың маңызын айтып, Конституция жобасын талқылауда журналистердің белсенді қатысуы маңызды екенін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар пікір алмасып, реформаларды ақпараттық тұрғыда түсіндірудің өзекті бағыттарын талқылады.