Түркістан облысы Сайрам ауданының Құтарыс ауылында күрд этносының тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстыруға арналған мерекелік іс-шара өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық достық пен өзара сыйластықты арттыру.
Қоғамдық келісім мәселесі талқыланды
Іс-шараға Түркістан облыстық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулхаддин Темуров, Сайрам аудандық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Гулизар Надирова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Аманкелді Қабылбеков, кеңестің алқа мүшелері Әлібек Байназар, Ариф Садыков, Тұрар Құдайбергенов, Ғалым Медеуов және бірлестік мүшелері қатысты.
Жиында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Айтбаев сөз сөйлеп, елдегі тұрақтылық пен бірліктің маңызына тоқталды.
Түркістан облыстық күрд этномәдени бірлестігінің төрағасы Сулхаддин Темуров Қазақстанда этностардың ана тілі мен ұлттық құндылықтарын дамытуға жасалған жағдай үшін ризашылығын білдірді.
Ұлттық өнер көпшілікке ұсынылды
Мерекелік бағдарламада күрд халқының әндері шырқалып, дәстүрлі билері орындалды. Өнерпаздардың өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жиынның мазмұнын байыта түсті.
Құтарыста өткен кездесу ұлттық мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге, түрлі этнос өкілдері арасындағы мәдени байланысты кеңейтуге және ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.