Booking.com платформасы саяхатшылардың пікірлері негізінде әлемдегі ең қонақжай қалалардың жаңа рейтингін ұсынды. Traveller Review Awards сыйлығы аясында жасалған тізім 370 миллионнан астам расталған пікірге сүйене отырып қалыптастырылған.
Рейтингте бірінші орын Италияның Тоскана аймағындағы Монтепульчано қаласына берілді. Ортағасырлық сәулеті сақталған шағын қала жаяу серуендеуге қолайлы көшелерімен және дәстүрлі атмосферасымен ерекшеленеді. Сонымен қатар қала өз атауымен белгілі қызыл шарабымен танымал.
Екінші орынды Тайваньдағы Магун қаласы иеленсе, үшінші орын Аргентинадағы Сан-Мартин-де-лос-Андес қаласына бұйырды. Сарапшылардың айтуынша, рейтингке енген қалалардың басты ерекшелігі – саяхатшыларға деген жылы қарым-қатынас пен жайлы туристік орта.
Үздік ондыққа Ұлыбританиядағы Харрогит, АҚШ-тағы Фредериксберг (Техас), Бразилиядағы Пиренополис, Намибиядағы Свакопмунд, Жапониядағы Такаяма, Аустралиядағы Нуса-Хедс және Литвадағы Клайпеда қалалары да кірді. Кейбірі кеңінен танымал болмаса да, саяхатшылар олардың қонақжайлығы мен ерекше атмосферасын жоғары бағалаған.