Қазақстанда күмістің бағасы соңғы айларда айтарлықтай өсіп, экспорттық табыс ұлғайғанымен, өндіріс көлемі керісінше төмендеп келеді. Сарапшылар мұны әлемдік нарықтағы күміске сұраныстың күшеюімен және өнеркәсіптік металдарға деген қызығушылықтың артуымен байланыстырады. Алайда ел ішіндегі өндірістің бесінші жыл қатарынан қысқаруы бұл саладағы тұрақты мәселені айқын көрсетіп отыр.
2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айларында Қазақстанда 697,5 тонна аффинирленген күміс өндірілген. Бұл соңғы он жылдан астам уақыттағы ең төменгі деңгей саналады. Бір жылдың ішінде өндіріс көлемі бірден 21,2 пайызға төмендеген. Ал 2025 жылдың қаңтар–қараша аралығында 567,5 тонна күміс шығарылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тағы 11,1 пайызға азайды.
Өндірістің төмендеуіне қарамастан, күмістің экспорттан түсетін кірісі артып отыр. 2025 жылдың қаңтар–қазан айларында экспорт көлемі 9 пайызға қысқарғанымен, ақшалай көрсеткіш 19,3 пайызға өсіп, 581,1 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл құбылыс күміс бағасының қымбаттауы экспорт көлемінің азаюын белгілі бір деңгейде өтеп отырғанын аңғартады.
Экспорт бағыттарына келсек, қазақстандық күмістің 96 пайыздан астамы небәрі төрт елге жөнелтіледі. Негізгі үлес Ұлыбритания мен АҚШ-қа тиесілі. Мұндай шоғырлану Қазақстанның күміс нарығы сыртқы сұранысқа қатты тәуелді екенін көрсетеді.
Күмістің бір трой унциясының орташа экспорттық бағасы да өсім көрсеткен. 2024 жылдың қаңтар–қазан айларында 26,7 доллар болған көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңінде 35 долларға дейін көтерілген. Ал 2025 жылдың қазан айында күмістің орташа бағасы 44,7 долларға жетіп, нарықтағы белсенділіктің күшейгенін байқатты. Жалпы алғанда, күміс бағасының өсуі алтынның тарихи рекордтар жаңартуымен қатар жүріп отыр, бұл инвесторлардың қорғаныш активтерге деген қызығушылығы да сақталып отырғанын білдіреді.
Мамандар күмісті қазіргі кезеңде «гибридті металл» ретінде сипаттайды. Яғни ол бір мезгілде инвестициялық құрал ретінде де, өнеркәсіпке қажетті ресурс ретінде де жоғары сұранысқа ие. Әсіресе «жасыл технологиялар», күн энергетикасы және электроника өндірісіндегі қажеттілік күміске деген қызығушылықты арттырып отыр. Дәл осы факторлар әлемдік нарықта бағаның жоғарылауын күшейтіп, күмісті экономикалық цикл өзгерістеріне өте сезімтал металлға айналдырды.
Әлемдік деңгейде де күміс өндірісінің төмендеуі байқалады. 2024 жылы дүниежүзінде шамамен 25 мың тонна күміс өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға аз. Күміс өндірісінде Мексика көш бастап тұр, одан кейін Қытай мен Перу орналасқан. Қазақстан да ірі өндірушілер қатарына кіргенімен, ішкі өндірістің қысқаруы саладағы жаңа технологиялық инвестиция мен өндірісті жаңғырту қажеттілігін күн тәртібіне шығарып отыр.