4,4 млн адам бизнеске бет бұрды, экономикада қандай өзгеріс бар?

Автор Асан Джалилов
37 просмотры

Қазақстанда кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандар саны айтарлықтай артты. 2026 жылдың басындағы дерекке сәйкес, бизнесте еңбек ететін азаматтар саны 4,4 млн адамға жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 3,4%-ға өскен.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «AMANAT» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында айтты. Аталған жиын кеңес құрылғаннан бері алғаш рет кеңейтілген форматта ұйымдастырылды.

Қазіргі уақытта елімізде 2,3 млн-нан астам кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40,5%-ға жеткен. Оның ішінде 33%-ы шағын кәсіпкерлікке, ал 7,5%-ы орта бизнеске тиесілі.

Үкімет тарапынан бизнесті қолдау және әкімшілік жүктемені азайту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Е-лицензиялау» дерекқорымен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл процесс жасанды интеллект және цифрлық технологиялар арқылы автоматтандырылуда.

Сонымен қатар «eGov Business» платформасы негізінде кәсіпкерлерге арналған цифрлық карта енгізу жоспарланған. Бұл құрал мемлекеттік қолдау шараларын нақты бағыттауға, реттеу ашықтығын арттыруға және әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнесті қаржылық қолдау бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Олардың қатарында пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген қаржыландыру, сондай-ақ «Даму» қоры арқылы кепілдіктер беру бар.

2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 365,7 млрд теңгеге 3 373 жобаға қолдау көрсетілді. Ал 2026 жылы бұл көлемді ұлғайту жоспарланып отыр. Республикалық бюджеттен 200 млрд теңге бөлінуі көзделсе, қосымша 244 млрд теңге банктердің қаражаты есебінен тартылмақ.

Агроөнеркәсіптік кешенде де қаржыландыру жоғары деңгейде сақталып отыр. Биыл бұл салаға 1 трлн теңге бағытталған. Оның ішінде 300 млрд теңгеден астамы ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға жұмсалады, ал 374 млрд теңге жеңілдетілген несие ретінде бөлінеді.

Өнеркәсіп секторын қолдау үшін «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі арқылы 329 млрд теңге қарастырылған.

Жиын барысында кәсіпкерлер бірқатар мәселелерді көтерді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімінің кеңеюі, сауда үстемесінің шектелуі және қосылған құн салығының артуы бизнеске қосымша жүктеме түсіріп отырғаны айтылды.

Сонымен қатар салық заңнамасын қолдану, инвестиция тарту, бюрократиялық рәсімдер, контрафактілік өнімдер айналымы және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері де талқыланды.

Жалпы алғанда, кәсіпкерлік саласында өсім байқалғанымен, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі мәселелер сақталып отыр.