2025 жылы Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, жыл қорытындысы бойынша 236 мыңға жуық оқушы орнына арналған 162 жаңа мектептің құрылысы толық аяқталды. Бұл қадам еліміздегі үшауысымды және апатты мектептер мәселесін жүйелі түрде шешуге, сондай-ақ оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, салынған мектептердің 112-сі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында іске қосылған. Аталған жаңа форматтағы білім беру ұйымдары 206 мың оқушыға арналған және олардың 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Жаңа мектептерді пайдалануға беру нәтижесінде 27 үшауысымды және 11 апатты мектеп мәселесі шешіліп, шамамен 160 мың оқушы орнының жетіспеушілігі жойылды.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен де жүйелі жұмыстар жүргізілді. Бұл бағытта 89 мың оқушыға арналған 81 мектеп салынса, соның ішінде 2025 жылы 13 мың оқушы орнына арналған 18 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар тарту арқылы 16 мың оқушыға арналған 30 мектептің құрылысы жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер есебінен де әлеуметтік маңызы бар нысандар салынды. Атап айтқанда, Ұлытау облысының Қаражал қаласы мен Маңдырай станциясында екі мектеп, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша бой көтерді. Арнайы мемлекеттік қор арқылы 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана қаржыландырылды.
Жаңа мектептер салумен қатар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да кең көлемде жүргізілді. Реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп жаңартылып, 1 мың ауыл мектебі заманауи стандарттарға сәйкестендірілді. Бұдан бөлек, ауылдық мектептерге 1196 жаңа пән кабинеті сатып алынды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды мен Қызылорда облыстарында үшауысымды оқыту мәселесі толығымен шешілді. Жалпы алғанда, 2025 жылы салынған және жаңғыртылған білім беру нысандары елдегі білім сапасын арттыруға, балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға берік негіз қалады.