Мұғалімдерге арналған пәндік тестілеу ресми түрде тоқтатылды

Автор Асан Джалилов
46 просмотры

Қазақстанда педагогтердің пәндік білімін бағалауға арналған тестілеу жүйесі тоқтатылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қабылданған. Ол ұстаздарға мемлекет тарапынан сенім білдіріліп отырғанын атап өтіп, бұл жаңалықты білім саласы үшін маңызды қадам ретінде бағалады.

Бұған дейін пәндік білімді бағалау тесті педагогтер үшін міндетті рәсімдердің бірі болған. Ол жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге, білім беру ұйымдарының басшыларына, сондай-ақ педагогикалық қызметті қайта бастауды жоспарлаған азаматтарға өткізілетін.

Әрбір санат үшін тестілеу форматы мен шекті балл талаптары белгіленіп, нәтижесінде тест тапсырған педагогтерге арнайы сертификат берілетін. Бұл құжат бір жыл мерзімге жарамды болған.

Жаңа шешімге сәйкес, аталған тестілеу енді өткізілмейді. Министрлік бұл туралы тиісті ақпаратты білім басқармаларына жолдаған.

Бұл өзгеріс педагогтерге түсетін жүктемені азайтып, білім беру жүйесіндегі тәсілдерді қайта қарауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.