Қазақстан жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашады

Автор Асан Джалилов
51 просмотры

2026 жылы Қазақстаннан Азия, Таяу Шығыс және Еуропа елдеріне бірқатар жаңа халықаралық әуе рейстері ашылып, кейбір бағыттар қайта іске қосылады.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, шетелдік әуе компаниялары да Қазақстан бағыттарына қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, LOT Polish Airlines Алматы — Варшава бағытын ашады. Air Arabia Алматы — Даммам, ал Royal Jordanian Алматы — Амман бағыты бойынша рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Lufthansa Алматы мен Астанадан Франкфуртке рейстерді қайта жаңғыртады.

Отандық әуе тасымалдаушылар да жаңа бағыттарды іске қосады. SCAT Airlines Шымкенттен Бішкек, Новосибирск, Санкт-Петербург және Тель-Авив қалаларына рейстер ашады.

Air Astana Алматы және Астанадан Салала, Ларнака, Гуанчжоу бағыттарын, сондай-ақ Алматыдан Даламан мен Шанхайға рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, Алматы — Токио бағытын ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

FlyArystan компаниясы Алматы — Самарқанд, Ақтау — Үрімші және Алматы — Сиань бағыттары бойынша жаңа рейстерді іске қосуды көздеп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстан 30 елмен 135 бағыт бойынша әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 600-ден астам халықаралық рейс орындалады.

Жаңа бағыттардың ашылуы халықаралық байланыстарды кеңейтіп, туризм мен іскерлік қатынастардың дамуына серпін береді.