Қазақстандағы жеті жылдық өзгерістерге неміс басылымы баға берді

Автор Асан Джалилов
154 просмотры
экономика

Соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасында, кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылымда елеулі өзгерістер болды. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 50 пайыздан астам өсіп, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер саны 4,5 миллион адамға жетті. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жүздеген мектеп, балабақша және медициналық нысан салынды. Қазақстанның 2019 жылдан бергі экономикалық және әлеуметтік даму нәтижелерін немістің Berlin Today басылымы саралады.

Басылым Қазақстандағы өзгерістерді тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қарапайым азаматтардың күнделікті өмірімен байланыстырады. Жаңа пәтерде тұру, баланы жаңа мектепке апару, отандық автокөлікті пайдалану, цифрлық платформалар арқылы сауда жасау, қолма-қол ақшасыз төлем қабылдау және мемлекеттік қызметтерді онлайн алу бүгінде қалыпты құбылысқа айналып келеді.

Berlin Today бұл өзгерістердің бастауын 2019 жылдан қарастырады. Қазақстанның алдында табиғи ресурстар мен қалыптасқан қаржы жүйесінің мүмкіндіктерін халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағыттау және экономиканың шикізатқа тәуелділігін біртіндеп азайту міндеті тұрды.

Бұл кезең жаһандық пандемия, жеткізу тізбектеріндегі қиындықтар және геосаяси өзгерістермен қатар жүрді. Соған қарамастан, басылым Қазақстанның 2019 жылмен салыстырғанда экономикасы ауқымды, кәсіпкерлік секторы дамыған және сыртқы әлеммен экономикалық байланыстары күшейген елге айналғанын атап өтеді.

Кәсіпкерлік пен әлеуметтік инфрақұрылым кеңейді

Соңғы жеті жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ-сі 50 пайыздан астам өскен. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 14,7 мың долларды құрады. Осы аралықта ел халқының саны 20 миллионнан асты.

Экономикадағы маңызды өзгерістердің бірі – жеке кәсіпкерліктің кеңеюі. Қазір шағын және орта бизнес саласында шамамен 4,5 миллион адам еңбек етеді. Бұл жеті жыл бұрынғы көрсеткіштен 31,6 пайызға көп. Ал 2025 жылдың соңына қарай тіркелген ШОБ субъектілерінің саны 2,3 миллионға жетіп, 47,5 пайызға артқан.

Berlin Today мұны Қазақстан экономикасындағы ұзақмерзімді құрылымдық өзгерістердің бірі ретінде қарастырады. Бұған дейін мемлекет пен ірі компаниялардың үлесі басым болған экономикада шағын бизнестің дамуы жеке кәсіпкерлікке негізделген экономикалық ортаның ауқымын кеңейтіп келеді.

Экономикалық өзгерістер әлеуметтік инфрақұрылымнан да көрінеді. 2019–2025 жылдары Қазақстанда 100 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде 1342 мектеп пен 345 балабақша салынды. Жаңа білім беру нысандары халық саны артып келе жатқан ірі қалалардағы сұранысты өтеуге және оқушы орындарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік берді.

Денсаулық сақтау саласында 2023–2025 жылдары 1200-ден астам медициналық нысан салынды. Оның 655-і ауылдық жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдары. Осы кезеңде халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2,79 жылға артып, 75,97 жасқа жеткен.

Неміс басылымы бұл нәтижені тек медициналық инфрақұрылыммен байланыстыруға болмайтынын атап өтеді. Өмір сүру ұзақтығына халықтың табысы, өмір салты, медициналық көмектің қолжетімділігі, қоршаған орта және демографиялық жағдай секілді бірнеше фактор қатар әсер етеді.

Шикізаттан өндірісті дамытуға бетбұрыс

Berlin Today Қазақстанның экономикалық дамуы әлеуметтік шығындарды арттырумен ғана шектелмеуі керектігіне назар аударады. Ел ішкі сұранысты отандық өніммен көбірек қамтамасыз етіп, шикізат өндіруге тәуелді емес жаңа жұмыс орындарын құруы қажет.

Бұл бағыттағы өзгерістердің бірі – автомобиль өнеркәсібінің дамуы. Соңғы жеті жылда Қазақстанда шамамен 800 мың автокөлік өндірілген. Автомобиль құрастыру қосалқы бөлшектер жеткізушілеріне, логистикалық компанияларға, инженерлерге, техникалық мамандар мен білікті жұмысшыларға сұранысты арттырып, жаңа өндірістік құзыреттердің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жобалардың саны да артқан. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 860 жоба жүзеге асырылып, 57,2 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. 2030 жылға дейін тағы шамамен 200 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2025–2029 жылдары өңдеу өнеркәсібінде 140 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Сонымен бірге Қазақстан мұнай, уран, металл және ауыл шаруашылығы секілді дәстүрлі артықшылықтарынан бас тартпайды. Негізгі міндет – осы ресурстардың айналасында қосылған құны жоғары өндірістерді қалыптастыру, шикізатты ел ішінде тереңірек өңдеу, дайын өнім көлемін арттыру және отандық кәсіпорындарды халықаралық жеткізу тізбектеріне қосу.

Өндірістің дамуы Қазақстанның географиялық орналасуының экономикалық маңызын да күшейтіп келеді. Бұған дейін теңізге тікелей шығатын жолдың болмауы шектеу ретінде қарастырылса, Еуразиядағы сауда бағыттарының өзгеруі жаңа мүмкіндік қалыптастырды. Қазақстан Қытай, Еуропа, Ресей, Кавказ және Орталық Азия нарықтарын байланыстыратын маңызды буын ретіндегі орнын нығайтып келеді.

Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық рөлі күшейді

Berlin Today Орталық Азия елдерінің соңғы жылдары экономикалық өсім көрсетіп келе жатқанына да назар аударады. Көршілес мемлекеттер экономикасының дамуы Қазақстан үшін сауда көлемін ұлғайтуға, нарықты кеңейтуге және бүкіл өңірдің экономикалық ықпалын арттыруға мүмкіндік береді.

2025 жылы Қазақстан экономикасының номиналды көлемі шамамен 306 миллиард долларға жеткен. Салыстыру үшін, Өзбекстан экономикасы 147 миллиард долларға, Қырғыз Республикасының экономикасы 22,6 миллиард долларға бағаланған. Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі, жинақталған инвестициялар көлемі, қаржы секторы мен халықаралық бизнес инфрақұрылымы оның өңірдегі экономикалық салмағын айқындайды.

Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 162 миллиард долларға жеткен. Басылым инвесторларды елдің табиғи ресурстарымен қатар экономиканың ауқымы, көршілес нарықтарға қолжетімділік, Шығыс пен Батыс елдерімен қалыптасқан байланыстар және халықаралық бизнеске қызмет көрсететін қаржы институттары қызықтыратынын атап өтеді.

Осы факторлар Қазақстанның Орталық Азиядағы экономикалық байланыстарды шоғырландыратын ел ретіндегі рөлін күшейтіп отыр. Berlin Today елді капитал тартылатын, тауар өндірілетін және компаниялар Орталық Азияның кеңейіп келе жатқан нарығына шығатын экономикалық платформалардың бірі ретінде сипаттайды.

Алда шешілуі тиіс міндеттер бар

Berlin Today Қазақстанның соңғы жеті жылдағы нәтижелерін бағалай отырып, ел алдында шешілуі тиіс мәселелердің де сақталып отырғанына назар аударады. Инфляция халықтың табысына әсер етуді жалғастыруда, ірі қалалар мен ауылдық жерлер арасындағы айырмашылық әлі де бар. Халық санының өсуі тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі кеңейтуді талап етеді.

Экономикада мемлекеттің үлесі әлі де жоғары. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту мен жеке сектордың мүмкіндігін кеңейту маңызды болып қала береді. Өнеркәсіпте де жаңа кәсіпорындарды іске қосу ғана емес, олардың бәсекеге қабілетті өнім өндіруі және ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылтуы негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар соңғы жеті жылда қалыптасқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістер алдағы міндеттерді шешуге негіз болып отыр. Шағын және орта бизнестің кеңеюі, жаңа өндірістердің ашылуы, тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың көбеюі елдегі өзгерістердің күнделікті өмірден көрінетін нәтижесіне айналды.

Berlin Today дәл осы көрсеткіштерді Қазақстандағы өзгерістердің басты өлшемдерінің бірі ретінде қарастырады. Басылымның пайымдауынша, жаңа пәтер, мектеп немесе жұмыс орны жеке отбасы үшін күнделікті өмірдегі өзгеріс болып көрінгенімен, олардың жиынтығы елдегі әлеуметтік жаңғырудың ауқымын көрсетеді.

Қазақстан үшін ендігі міндет – осы нәтижелерді сақтап қана қоймай, экономикалық өсімді халықтың өмір сүру деңгейінің одан әрі жақсаруымен ұштастыру. Berlin Today елдің соңғы жылдары қалыптасқан экономикалық негізді нығайтып, дамудың келесі кезеңіне бағыт алып отырғанын атап өтеді.