Ерлан Қошановтың төрағалығымен Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының алғашқы отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Кеңестің бірінші сессиясында белгілеген стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолдары талқыланып, тұрақты комитеттер мен Әдеп жөніндегі комиссияның құрамы бекітілді.
Отырысты ашқан Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алдына қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы диалогты жаңа деңгейге көтеру міндеттерін қойғанын атап өтті.
Оның айтуынша, жаңа институт азаматтар мен билік арасындағы қашықтықты қысқартып, халықтың үнін анағұрлым салмақты етуге тиіс. Қазақстан Халық Кеңесінің алдында Президент артқан сенімді нақты іспен және нәтижелі жұмыспен ақтау міндеті тұр.
«Президентіміз Халық Кеңесінің алдына маңызды міндеттер қойды. Олар – бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндігін кеңейту, қоғам мен мемлекеттің өзара байланысын жаңа белеске көтеру. Халық Кеңесінің мәні де, тарихи миссиясы да осында. Ел Президенті артқан осы зор сенімге біз нақты іспен, нәтижелі жұмыспен жауап беруге тиіспіз», – деді Ерлан Қошанов.
Үш тұрақты комитеттің құрамы бекітілді
Төралқаның алғашқы отырысында Қазақстан Халық Кеңесінің үш негізгі комитетінің құрамы бекітіліп, олардың басшылары тағайындалды. Қоғамдық бастамаларды дамыту комитетін Вера Ким, Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетін Марат Әзілханов басқарады. Ал Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің жетекшісі болып Табиғат Зейнұлқабден тағайындалды.
Комитеттердің жұмысы Қазақстан Халық Кеңесінің стратегиялық міндеттерін жүйелі әрі тиімді жүзеге асыруға және конституциялық консультативтік орган қызметінің негізгі бағыттары бойынша сараптамалық жұмысты күшейтуге бағытталмақ.
Осыған байланысты отырыста комитеттердің жұмыс ерекшеліктері ескеріліп, ғылыми-сарапшылық қоғамдастықты тарта отырып, алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Жиында Бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасына ерекше назар аударылды. Халық Кеңесінің мүшелері бұл жұмысқа белсенді қатысып, этномәдени бірлестіктерді шоғырландыруға және жаңа тұжырымдаманы әзірлеуге өз үлестерін қосу қажет деген ортақ пікірге келді.
Сонымен қатар өңірлермен өзара іс-қимылды кеңейту, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерді қолдау тетіктері қарастырылды.
Азаматтардың ұсыныстарына арналған бірыңғай платформа ұсынылды
Өңірлердегі азаматтардың ұсыныстарымен жұмыс істеу мәселесі де Төралқа отырысының негізгі тақырыптарының бірі болды. Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусин алдағы уақытта азаматтардан түсетін бастамалар саны артуы мүмкін екенін атап өтіп, оларды жүйелі жинау, өңдеу және мониторингілеу үшін бірыңғай ақпараттық платформа әзірлеуді ұсынды.
Мұндай жүйе әрбір өтініштің қаралу барысын және ол бойынша қабылданған шешімдерді бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ақпараттық платформа Мемлекет басшысы белгілеген негізгі міндеттерді жүзеге асырудың пәрменді құралдарының біріне айналуы көзделіп отыр.
Отырыста азаматтардың мемлекетті басқаруға тікелей қатысуының жаңа құралдарын қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Қазіргі кезде елде көптеген қоғамдық және консультативтік-кеңесші органдар жұмыс істейді. Алайда олардың қызметі кей жағдайда шашыраңқы жүргізіліп, бірқатар функциялары өзара қайталанады.
Осыған байланысты Қазақстан Халық Кеңесінің алдында мұндай құрылымдардың әлеуетін біріктіру, олардың өзара іс-қимылын жолға қою және жұмысты жүйелеу міндеті тұр. Бұл мемлекет пен азаматтардың заманауи сын-қатерлерге бірлесіп жауап әзірлеуіне мүмкіндік беретін және қоғам мен билік арасындағы диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастыратын алаң құруға бағытталған.
Қазақстан Халық Кеңесі Төралқасының жұмыс тәртібі заңнамамен және ішкі ережемен реттеледі, ал оның құрамы Халық Кеңесі мүшелерінің арасынан жасақталады. Төралқа құрамына Кеңес басшылығы мен тұрақты комитеттердің төрағаларымен қатар Бекмұрат Жүсіпов, Наринэ Микаелян, Денис Рыпаков және Нұртай Сабильянов кірді.
Алғашқы отырыста қабылданған шешімдер Төралқаның алдағы жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Енді тұрақты комитеттер қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, қоғамдық бастамаларды дамыту, өңірлермен байланысты күшейту және азаматтардың ұсыныстарымен жүйелі жұмыс жүргізу бағытында қызмет атқарады.