Қазақстан мен Кипр ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге келісті

Автор Асан Джалилов
73 просмотры

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға ресми сапармен келді. Бұл – Кипр басшысының елімізге жасаған алғашқы ресми сапары.

Ақордада өткен келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға және жаңа жобаларды іске асыруға дайын екендерін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары Қазақстан мен Кипр арасындағы байланыстардың айтарлықтай нығайғанын атап өтті. Екі ел астаналарында елшіліктер ашылып, тікелей әуе қатынасы іске қосылды. Президенттің айтуынша, қазіргі қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, өзара ынтымақтастықтың әлеуеті әлдеқайда жоғары.

Сауда мен инвестицияға басымдық берілді

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерде сауда көлемін арттыру, инвестициялық байланыстарды күшейту және бизнес қауымдастықтар арасындағы әріптестікті дамыту мәселелері қаралды.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Кипр арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру бастамасын көтерді.

Президенттің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істейді. Оның ішінде 30-ға жуық кәсіпорын Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.

Жаңа құжаттарға қол қойылды

Келіссөздер қорытындысында екі ел арасында цифрландыру, киберқауіпсіздік, мәдениет, білім, ғылым және спорт салаларындағы ынтымақтастықты көздейтін бес меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар тараптар цифрлық технологиялар, жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және көлік дәліздерін дамыту бағыттарындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге уағдаласты.

Кипр Президенті «Достық» орденімен марапатталды

Ресми сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президенті Никос Христодулидисті Қазақстан мен Кипр арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлесі үшін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Өз кезегінде Никос Христодулидис бұл марапатты екі халық арасындағы достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын айтып, Қазақстанмен стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар сауда, инвестиция, білім, мәдениет және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ортақ келісімге келді.