Қазақстанда жоғары оқу орындарын бағалаудың жаңа жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алдағы жылдан бастап университеттер объективті көрсеткіштер мен нақты индикаторлар негізінде бағаланады. Осылайша ЖОО-лардың ұлттық рейтингі қалыптастырылып, оның нәтижелері мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде ескерілетін болады.
Рейтингте жоғары нәтиже көрсеткен оқу орындарына қосымша академиялық дербестік беріледі. Бұл олардың білім беру бағдарламаларын дербес дамытуына және басқару тиімділігін арттыруына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жоғары білімді қаржыландыру жүйесі де жаңартылып жатыр. Жаңа модель кадр даярлау сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті университеттерді қалыптастыруға бағытталған.
Министр мемлекеттік тапсырысты бөлу кезінде экономиканың нақты қажеттіліктеріне басымдық берілетінін атап өтті. Бұл еңбек нарығына қажетті мамандарды тиімді даярлауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жоғары білім саласында қаржыландыруды әртараптандыру мақсатында эндаумент-қорлар институты дамытылып жатыр. Осы бағытта Қазақстанда алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» тіркеліп, оған 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.