Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан журналистерін Ұлттық басылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды barbang.info Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының Әділетті Қазақстанды қалыптастыру ісінде, сондай-ақ қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында маңызды рөл атқарып келе жатқанын атап өтті.
Президент мерзімді баспасөз өкілдерін конституциялық реформаны және мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерді жариялау барысында кәсіби жауапкершілік пен конструктивті ұстанымды басшылыққа алуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауында патриотизм ұғымын жауапкершілік пен жасампаздық тұрғысынан түсінудің маңыздылығына тоқталып, заңды құрметтеу арқылы егемендік пен тәуелсіздікті қорғау – ұлты мен дініне қарамастан әрбір Қазақстан азаматының ортақ міндеті екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы отандық журналистердің аталған стратегиялық маңызы бар міндеттерді іске асыруға белсенді түрде үлес қоса беретініне сенім білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кәсіби табыс, шығармашылық жеміс және бақ-береке тіледі.