Қазақстан соңғы жиырма жылда алтын резервтерін айтарлықтай арттырып, әлем бойынша ең жоғары өсім көрсеткен елдердің қатарынан көрінді. 2000–2024 жылдар аралығында елдің алтын қоры шамамен 227 тоннаға ұлғайып, таза өсім көрсеткіші бойынша Қазақстан әлемдік рейтингте 6-орынға тұрақтады.
Шетелдік сараптамалық деректерге сүйенсек, алтын қорын ең көп көбейткен мемлекеттер тізімінде Қазақстан Ресей, Қытай, Үндістан, Түркия және Польшадан кейінгі орынға жайғасқан. Бұл нәтиже орта көлемдегі экономика үшін тек көлеммен ғана емес, тұрақты қаржылық саясатпен ерекшеленетін маңызды көрсеткіш ретінде бағаланып отыр.
Мамандардың пікірінше, алтын резервтерінің өсуін тек нарықтағы қолайлы баға немесе шикізат мүмкіндігімен түсіндіру жеткіліксіз. Бұл – мемлекет жүргізіп отырған ұзақмерзімді өнеркәсіптік саясат пен Ұлттық банктің қаржы стратегиясының өзара үйлескен жұмысының нәтижесі. Үкімет өндірістік секторды жүйелі қолдап, ал қаржы институттары алтынды резервке жинақтау механизмін тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Бұл өсімнің басты артықшылығы – Қазақстанның өз ішкі шикізаттық базасына сүйенуі. Ел алтын мен күмісті өндіру бойынша әлемдегі маңызды мемлекеттердің бірі саналады. Тау-кен саласын дамытуға бағытталған инвестициялар, тұрақты реттеу және өңдеу өндірісін қолдау нәтижесінде бағалы металдардың едәуір бөлігі ел ішінде сақталып, ұлттық резервті күшейтуге мүмкіндік берді. Бұл Қазақстанды алтын қорын сыртқы нарықтан сатып алу арқылы қалыптастыратын көптеген мемлекеттен ерекшелейді.
Сонымен қатар күміс өндірісінің де ықпалы байқалады. 2024 жылы Қазақстанда 497,5 тонна аффинирленген күміс өндірілгені айтылып отыр. Сарапшылардың ойынша, күміс секторының дамуы технологиялық әлеуетті арттырып, экспорттық кіріс пен басқару тәжірибесін нығайтып, кейіннен алтын қорын тұрақты жинақтауға негіз болған.
Алтын резервін ұлғайту тетігі Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен экономикалық саясаты арқылы қамтамасыз етіледі. Отандық өндірушілерден алтын сатып алу жүйелі түрде жүргізіліп, қысқа мерзімді нарықтық ауытқуларға тәуелді болмайды. Бұл әдіс валюта нарығына қысым түсірмей, теңгенің тұрақтылығын сақтай отырып резервті көбейтуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Қазақстан үшін алтын қоры – саяси құрал емес, ең алдымен қаржы жүйесін нығайтып, сыртқы тәуекелдерді азайтатын тұрақты қорғаныс тетігі. Осы арқылы алтын резервтері елдің макроэкономикалық тұрақтылығын күшейтіп, ұлттық резервтерге деген сенімді арттыратын маңызды факторға айналып отыр.