Күрд этносының өкілдері Шымкент маңында көкпар өткізді

Автор Асан Джалилов
129 просмотры

Шымкент қаласына қарасты Маятас ауылында ұлттық спортты ұлықтаған мазмұнды мәдени-спорттық шара өтті. Көкпар сайысын күрд этносының өкілі Хусенов Руслан Шымкент қалалық БАРБАНГ күрд этномәдени орталығының төрағасы Исмат Сулеймановтың қолдауымен ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрді дәріптеу, жастарды салт-санамен тәрбиелеу және этносаралық бірлікті нығайту.

Дәстүрлі додаға өңірдің әр аумағынан келген шабандоздар қатысып, тартысты ойын көрсетті. Көкпар барысында ат үстіндегі ептілік, күш пен ұйымшылдық айқын байқалды. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен бағалы жүлделер табысталды. Көрермендер үшін бұл шара ұлттық рухты сезінуге, ата-баба мұрасымен қайта қауышуға мүмкіндік берді.

Көкпар – тарихы терең, көшпелі өркениеттен бастау алатын ұлттық ойын. Ол ерте кезеңдерде жауынгерлік дайындықтың бір түрі ретінде қалыптасып, батылдық пен төзімділікті, шапшаңдық пен бірлікті талап еткен. Атқа міну мәдениеті дамыған қоғамда көкпар ер азаматтың рухани әрі физикалық дайындығын шыңдаудың маңызды құралы болды. Уақыт өте келе бұл ойын халықтық мерекелердің, үлкен жиын-тойлардың ажырамас бөлігіне айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан құндылық ретінде сақталып келеді.

Бүгінде көкпар – тек спорттық жарыс емес, ол ұлттық бірегейлікті айқындайтын, көпэтносты қоғамдағы ортақ құндылықтарды ұштастыратын мәдени құбылыс. Күрд этносы өкілдерінің қазақтың дәстүрлі ойынын ұйымдастыруы өзара құрмет пен ынтымақтастықтың айқын көрінісі болып, Шымкент өңіріндегі қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосты.

Комментарии