Білім мен ғылымдағы жаңа кезең: мектептер, шәкіртақы және жас ғалымдарға қолдау

Автор Асан Джалилов
28 просмотры

2025 жыл Қазақстанда білім мен ғылым саласын жүйелі жаңғыртудың маңызды кезеңі болды. Елде білім беру инфрақұрылымы кеңейіп, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті адами капитал қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар жасалды. Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа мектептер салынды, студенттер мен жас ғалымдарды әлеуметтік қолдау күшейтілді, ал ғылым саласына инвестиция тарту тұрақты сипат ала бастады.

Жылдың басты жетістіктерінің бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасының іске асуы. Бұл бастама аясында еліміздің түрлі өңірлерінде 217 жаңа форматтағы мектептің құрылысы қолға алынып, 460 мыңнан астам оқушы орны құрылды. Нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп, жүздеген білім беру ұйымында орын тапшылығы жойылды. 2025 жылдың өзінде 141 мектеп пайдалануға беріліп, тағы 140 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Мыңнан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шамамен 1,2 миллион оқушы үшін оқу ортасы айтарлықтай жақсарды.

Білім сапасының артуы қазақстандық оқушылардың халықаралық жетістіктерінен де көрініс тапты. Бір жыл ішінде 1,6 мыңнан астам оқушы әлемнің 36 халықаралық олимпиадасы мен ғылыми байқауына қатысып, мыңға жуық медаль иеленді. Мемлекет дарынды жастарды қолдауды жаңа деңгейге көтеріп, халықаралық ғылыми байқаулардың жеңімпаздарын ақшалай марапаттауды заң жүзінде бекітті. Бұл қадам жастардың ғылым мен білімге деген ынтасын күшейтті.

Сонымен қатар Қазақстан жоғары білім экспортын дамытып, аймақтағы академиялық хабқа айналуды көздеп отыр. Бүгінде елде әлемнің 40 университетімен серіктестік орнатылып, 30-дан астам шетелдік жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Ұлыбритания, Қытай, Германия, Корея сынды елдердің жетекші университеттері Қазақстанда кампустар ашып, нәтижесінде елімізде оқитын шетелдік студенттер саны 32 мыңға жетті. Бұл үрдіс білім беру саласын экономиканың маңызды драйверіне айналдырып отыр.

2025 жылы Қазақстан Токио конвенциясына қосылып, отандық дипломдардың Азия–Тынық мұхиты аймағындағы 12 мемлекетте танылуына жол ашты. Сонымен қатар халықаралық тестілеу жүйелерін енгізу бойынша келісімдер жасалып, алдағы уақытта талапкерлерге ҰБТ-мен қатар балама халықаралық бағалау форматтарын ұсыну мүмкіндігі қарастырылуда.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасы да жаңаша серпін алды. Қазіргі таңда бұл бағдарлама арқылы 1,2 мыңнан астам қазақстандық әлемнің жетекші университеттерінде білім алып жатыр. Бағдарлама талаптары жаңартылып, жаратылыстану-техникалық бағыттарға басымдық берілді. Бұл – ел экономикасына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған стратегиялық шешім.

Студенттер мен оқытушыларды әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылдан бастап бакалавр, магистратура және докторантура шәкіртақылары айтарлықтай өсті, ал профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы көтерілді. Жаңа жатақханалар салынып, студенттерді тұрғын үймен қамту мәселесі жүйелі түрде шешіле бастады.

Ғылым саласында да нақты өзгерістер орын алды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жасанды интеллектіні дамыту білім беру мен ғылымның басым бағытына айналды. Университеттерде жаңа білім беру бағдарламалары ашылып, халықаралық әріптестікте ЖИ мектептері мен зерттеу орталықтары құрылды. Ғылымға тартылған жеке инвестициялар көлемі 20 млрд теңгеден асып, жүздеген ғылыми жоба іске асырылуда. Сонымен қатар 576 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, ғылымға келетін жастарға нақты қолдау көрсетілді.

Жалпы алғанда, 2025 жылы білім мен ғылым саласында жүзеге асқан бастамалар Қазақстанды ұзақ мерзімді дамуға бастайтын берік іргетас қалыптастырды. Бұл өзгерістер елдің адами капиталын күшейтіп, халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі орнын нығайтуға бағытталған стратегиялық саясаттың нәтижесі болып отыр.

Комментарии