Желіде шек асқандар жауап береді: Президент жаңа заңдарға қол қойды

Автор Асан Джалилов
38 просмотры

Қазақстанда қоғамдық келісім мен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған заңнамалық талаптар күшейтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын практикалық тұрғыда іске асыру аясында бірқатар маңызды заңдарға қол қойды.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің мәлімдеуінше, қабылданған өзгерістер құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамға қауіп төндіретін контенттің таралуын шектеуге бағытталған. Осы мақсатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске бірқатар толықтырулар енгізілді.

Жаңа нормаларға сәйкес, ұлтаралық және конфессияаралық араздықты қоздыруға бағытталған материалдарды интернетте немесе басқа да ақпараттық алаңдарда орналастырып, таратқандар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді. Бұл талаптар қоғамдық тұрақтылықты сақтауға және қоғамда өзара құрмет мәдениетін нығайтуға бағытталған.

Сонымен қатар қоғамдық орындарда тұлғаның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешек кигені үшін де әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Бұл шаралар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.

Заңнамалық өзгерістер аясында балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған қосымша тетіктер де қарастырылған. Бұл бастамалар жас ұрпақтың қауіпсіз ақпараттық ортада қалыптасуына жағдай жасауға арналған.

Ерлан Қариннің айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған бұл заңдар құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға бағытталған.

Комментарии