Қызылорда облысында сегіз жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Автор Асан Джалилов
46 просмотры

Қызылорда облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сегіз жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл нысандар Шиелі ауданына қарасты бірнеше елді мекенде бұған дейін апатты деп танылған ескі ғимараттардың орнына тұрғызылған.

Жаңа медициналық пункттер Бала би, Досбол би, Қарғалы, Ортақшыл, Алмалы, Тәжібаев, Тартоғай және Бестам ауылдарында ашылды. Аталған елді мекендердегі бұрынғы амбулаториялар тозғандықтан, тұрғындарға қызмет көрсету мүмкіндігі шектеулі болған еді. Соңғы екі жылда олардың орнына заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа ғимараттар бой көтерді.

Жаңадан салынған амбулаторияларда физиотерапия кабинеттері, емдік дене шынықтыру бөлмелері, акушерлік кабинет, сүзгі және тіркеу бөлімі, дәріхана мен дәрі-дәрмек қоймасы қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарының бірқатар қызметті жергілікті жерде алуына мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 1974 жылы «асар» тәсілімен салынған, апатты деп танылған аудандық аурухананың инфекциялық бөлімшесі де толық жаңартылды. Оның орнына 30 төсекке арналған жаңа ғимарат тұрғызылып, 2025 жылдың тамызында іске қосылды. Бөлімше тәулік бойы жұмыс істейді және жұқпалы ауруларды ерте анықтау, оқшаулау және емдеу үшін толық жабдықталған.

Министрліктің хабарлауынша, атқарылған жұмыс Шиелі ауданы тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, ауылдық денсаулық сақтау жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған.

Комментарии