Министр Жұлдыз Сүлейменова мектеп пәндерін біріктіру бастамасына қатысты пікір білдірді

Автор Асан Джалилов
10 просмотры

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде бірнеше пәнді бір пәнге біріктіру жөніндегі ұсынысқа байланысты өз ұстанымын жариялады. Министрлікке қарасты талқылау барысында ол бұл мәселені қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы жүктеген негізгі міндет — оқушылардың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ету. Сондықтан пәндерді біріктіру бастамасы жан-жақты сараптауды қажет етеді.

«Технологиялық прогресс қарқын алған заманда мектеп оқушылары әр пәннің базалық деңгейін толық меңгеруі тиіс. Сол себепті, мақсаттары мен тақырыптары әртүрлі бұл пәндерді жеке-жеке оқытуды қолдаймын», — деді Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы әзірлеген жаңа мемлекеттік стандарт пилоттық режимде сынақтан өтуде. Жобаға сәйкес:

• алгебра мен геометрия — «Математика» пәніне,
• химия, физика, биология — «Жаратылыстану ғылымдары» пәніне,
• дүниежүзі тарихы мен құқық негіздері — «Әлеуметтік ғылымдар» пәніне біріктірілуі жоспарланған еді.

Министрлік бұл ұсыныс бойынша түпкілікті шешім қабылдауға асықпайтынын, ең алдымен педагогтар мен салалық сарапшылардың пікірлері мұқият зерделенетінін атап өтті.

«Өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті болып қалыптасуы үшін білім мазмұны еңбек нарығының талаптарына сай болуы тиіс. Сондықтан бұл мәселе бойынша кең ауқымды талдау жүргізіледі», — делінген ведомство хабарламасында.

Комментарии