Эстония Президенті: «Қазақстан білім беру саласында айтарлықтай прогреске қол жеткізді»

Автор barbang info
4 просмотры

Мемлекеттік сапармен Қазақстанға келген Эстония Республикасының президенті, профессор Алар Карис Nazarbayev University-ге арнайы барып, білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

Times Higher Education рейтингінде Орталық Азия мен Кавказдың жетекші университеті ретінде танылған оқу орнында Эстония басшысы мен делегациясын ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және NU президенті Вакар Ахмад қарсы алды. Делегация құрамында Эстонияның Қазақстандағы елшісі Яап Ора, білім және ғылым вице-министрі Ренно Вэйнталь және әйгілі эстониялық университеттердің ректорлары болды.

Университет студенттері алдында «Connectivity, Common Interests, and Cooperation» («Байланыс, ортақ мүдделер және ынтымақтастық») тақырыбында дәріс оқыған Алар Карис екі елдің тарихи-мәдени байланыстарын, білім мен ғылымның мемлекет дамуы үшін ерекше рөлін атап өтті.

«Қазақстанда болып, алғашқы сөзімді дәл осы университетте жеткізуім — үлкен мәртебе. Екі елдің тарихы ортақ, өткені ұқсас, үйренер тұстарымыз да көп. Тарту университетінің бұрынғы ректоры ретінде білім беру жүйесінің қоғамға ықпалын жақсы түсінемін», — деді Эстония басшысы.

Президент сонымен бірге жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі маңызын атап, Эстонияның AI League атты ұлттық бағдарламасын мысалға келтірді.

«Жасанды интеллектпен танысудың ең тиімді жолы — білім беруден бастау. Оқушыларды технологиялық құралдарды сауатты қолдануға үйрету маңызды. Қазақстан электрондық білім беру бағытында айтарлықтай алға жылжыды. Бұл екі елдің ынтымақтастығын кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді», — деді Карис.

NU президенті Вакар Ахмад университеттің халықаралық стандарттарға сай даму стратегиясын таныстырып, қазақ тіліндегі алғашқы ірі тілдік модель — KazLLM жобасымен таныстырды.

Сапар соңында Эстония Президенті кампуста экскурсия жасап, Қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Университеттегі кездесу Қазақстан мен Эстония ректорлары форумының ашылуымен жалғасты. Форумда екі елдің жоғары білім және ғылым саласындағы ықпалдастық перспективалары талқыланды.

Комментарии