Шымкент қаласындағы Достық үйінде Қазақстан күрдтерінің республикалық «Барбанг» қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі Азиз Алиевтің қатысуымен этномәдени бірлестіктердің белсенділерімен кездесу өтті.
Кездесудің басты мақсаты – қоғамдағы келісім мен татулықты сақтау, этносаралық қатынастарды дамыту және Ассамблея қызметінің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылау болды.
Іс-шарада Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның XXXIV сессиясында берген тапсырмаларын іске асыру барысы талқыланды. Азиз Алиев өз сөзінде Қазақстанның басты байлығы – бірлік пен тұрақтылық екенін атап өтіп, ел ішіндегі татулықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
– Біздің түпкі мақсатымыз – татулықты тұғырынан түсірмеу, этностар арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайту. Бұл – ел дамуының және болашақ ұрпақтың бейбіт өмірінің кепілі, – деді Азиз Алиев.
Кездесуге қатысушылар Ассамблея қызметінің басым бағыттарын, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы рөлін, мемлекеттік тілді дәріптеу мен қайырымдылық жобаларын үйлестірудің маңызын кеңінен талқылады. «Барбанг» қауымдастығының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға арналған әлеуметтік бастамалары жұртшылық назарына ұсынылды.
Жиын соңында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқан азаматтар қауымдастық төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.
Іс-шара аясында қатысушылар жаңғыртудан өткен этномұражайды аралап, жергілікті этностардың мәдени құндылықтары мен тарихи жәдігерлерімен танысты. Сондай-ақ Комьюнити орталығы мен қалалық күрді этномәдени бірлестігінің жұмыс кабинеттерін көрді.
Қатысушылар жергілікті билік тарапынан этномәдени бірлестіктерге жасалып жатқан қолдауды жоғары бағалап, елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайту бағытындағы жұмысты бірлесе жалғастыруға уағдаласты.


