Қазақстан ОПЕК+ келісімі аясында мұнай өндіру көлеміне түзетулер енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам әлемдік нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және энергия тасымалдаушыларға сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін сақтау мақсатында жасалып отыр.
ОПЕК таратқан ақпаратқа сәйкес, Сауд Арабиясы, Ресей, Ирак, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Қазақстан, Алжир және Оман мұнай нарығындағы оң серпінді әрі әлемдік экономиканың тұрақты болашағын ескере отырып, өндіру көлемін реттеу жөніндегі міндеттемелерін растады.
Ұйым мүшелері 2023 жылдың сәуірі мен қарашасында енгізілген ерікті шектеулердің нәтижелерін талқылау үшін 2 қарашада онлайн форматта бас қосты. Талқылау қорытындысы бойынша сегіз ел тәулігіне 1,65 млн баррель көлеміндегі бұған дейінгі шектеуді қайта қарастырып, өндірісті тәулігіне 137 мың баррельге ұлғайту туралы шешім қабылдады. Бұл өзгеріс 2025 жылдың желтоқсанында күшіне енеді.
Сонымен қатар маусымдық факторларды ескере отырып, 2026 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өндірісті арттыру уақытша тоқтатылады. Бұл шара нарықтағы теңгерімді сақтау және баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.