24 қыркүйекте Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, жаңа институттың негізгі міндеттері мен алдағы жұмыс бағыттарын айқындады. Сондай-ақ Кеңестің басшылық құрамы жасақталып, Дмитрий Останькович пен Ләззат Шыңғысбаева Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Президент Халық Кеңесінің алғашқы сессиясын ел үшін маңызды оқиға деп атап, жаңа органның мемлекеттік саяси жүйедегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан Халық Кеңесі конституциялық мәртебесі бар жоғары консультативтік институт ретінде мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға тиіс.
«Қазақстан Халық Кеңесі» атауының өзі жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Мемлекет басшысы Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі халық екенін атап өтіп, Кеңестің басты мақсаты қоғамдық диалогті дамыту және жұртшылықты ортақ мүддеге жұмылдыру екенін айтты.
Кеңестің негізгі міндеттері айқындалды
Қасым-Жомарт Тоқаев Халық Кеңесінің Құрылтайға балама орган емес екенін ерекше атап өтті. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін мәселелерге және депутаттардың қызметіне араласпайды. Құрылтай депутаттары да Халық Кеңесінің жұмысына араласпауға тиіс. Екі институт бір-бірін толықтырып, олардың комитеттері өзара тығыз байланыста жұмыс істейді.
Президент Кеңес жұмысының үш негізгі бағытына тоқталды. Оның біріншісі – Қазақстан халқының бірлігін нығайту. Халық Кеңесі Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың қалыптасқан тәжірибесін жалғастырып, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға атсалысады. Мемлекет басшысы этномәдени орталықтарға, театрлар мен бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетілетінін де айтты.

Бұл ретте этномәдени бірлестіктердің Халық Кеңесіндегі өкілдігі едәуір кеңейді. Кеңестің 126 мүшесінің 42-сі этномәдени бірлестіктерден енді. Президент Халық Кеңесі бірлік пен келісімнің жаңа тұжырымдамасы әзірленетін орталыққа айнала алатынын атап өтті.
Екінші маңызды бағыт – өңірлермен байланысты күшейтіп, олардың мүддесін республикалық деңгейде көтеру. Кеңестің үштен бір бөлігін аймақтардан келген мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестердің өкілдері құрайды. Тоқаевтың айтуынша, енді өңірлердің үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жетеді. Сонымен қатар Кеңес қоғамдық бақылау жүйесін ретке келтіруге және бұл жұмысқа тәуелсіз сарапшылар мен кәсіби мамандарды тартуға тиіс.
Үшінші бағыт азаматтық қоғам институттарын дамытуға арналған. Кеңес құрамының үштен бірінің қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар өкілдерінен жасақталуы осы міндетпен байланысты. Президент консультативтік-кеңесші органдардың жұмысын үйлестіру, олардың сараптамалық әлеуетін біріктіру және ұсыныстарды жүйелеу Халық Кеңесіне жүктелетінін айтты.
Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесіне тоқталды
Сессияда мемлекеттік тіл мәселесі де көтерілді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтты ұйыстырып, мемлекеттің іргесін бекемдейтін маңызды фактор деп атады. Президенттің сөзінше, қазақ тілінің қолданыс аясы әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп, көпшіліктің тіліне айналып келеді.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы бұл басқа тілдерден бас тартуды немесе оларды шеттетуді білдірмейтінін айтты. Ол қоғамдағы тілдік және этносаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге қарсы тұру қажеттігіне назар аударды.
Президент Халық Кеңесінің қызметі қағазбастылыққа айналмауға тиіс екенін де ескертті. Кеңес мүшелеріне халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамды алаңдататын мәселелерді ашық көтеру, оларды жан-жақты зерттеу және сынмен бірге нақты шешім ұсыну міндеті қойылды.
Халық Кеңесі төрағасының орынбасарлары тағайындалды
Алғашқы сессия аясында Қазақстан Халық Кеңесінің басшылық құрамы да толықты. Кеңес төрағасының өкімімен Дмитрий Останькович пен Ләззат Шыңғысбаева Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасарлары болып тағайындалды.
Тағайындау «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңның 8-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылды.
Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің 126 мүшеден тұратын құрамы бекітілген болатын. Оның 42 мүшесі этномәдени бірлестіктерден, 42-сі қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардан, тағы 42-сі мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден енді.
23 қыркүйекте Кеңестің ұйымдастырушылық отырысында Ерлан Қошанов Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. Дауыс беруге қатысқан 121 мүшенің 120-сы оның кандидатурасын қолдап, бір адам қалыс қалған.
Ал 24 қыркүйектегі алғашқы сессияда Кеңестің алдағы қызметінің негізгі бағыттары белгіленді. Президент жаңа органға қоғамдағы бірлікті нығайту, өңірлердің мүддесін қорғау, азаматтық қоғаммен байланысты күшейту және қоғамдық бақылауды жүйелеу міндеттерін жүктеді.